Кеше аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығына 10 жыл, «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігіне 20 жыл толуына орай «Жастар кубогі» жайдарман ойыны өтті. Айта кетейік, жастар қолға алған жайдарман ойыны ішкі саясат бөлімі, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігі мен мәдени-демалыс орталығы тарапынан қолдау тапты.
Мәдениет саласындағы өнерлі жігіт Жеңісбек Жүсіпов жайдарман ойынын тізгіндеді. Бұл жолы көрермен залынан табылған Жәнібек жастарының қатары көп болды. Ойында алты команда бақ сынады.
Атап айтсақ, «Ерекше жандар», «Ұнамаса, қарама», Ұзынкөл ауылының «Өзімізғо», «Экспресс», «Вай Фай», Тау ауылынан келген «Ұлытау» топтары ауданымыздағы жайдарманға жаңа леппен келді. Ұзақ уақыттан кейін жарқырап келген жастар салмақты ойларын саналы әзілмен жеткізіп, шеберліктерін жетілдіре түсіп, ойын тартысты әрі қызықты өтті. Жас жайдарманшылардың аяқ алысы қуантады. Командаларға ардагер жайдарманшылар Дәулет Гайнулин, Абылай Әміров, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мендіхан Халиханов, «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыхан Кәрімов қазылық етті. Екі кезеңнен тұрған ойында әділқазы алқалары шешімімен бірінші орынды «Ұнамаса, қарама» командасы алса, екінші орынды «Ұлытау» тобы, «Ерекше жандар» мен «Экспресс» командалары үшінші орынды иеленді. Ал, «Үздік ойыншы», «Үздік жас ойыншы», «Үздік әзіл» аталымдарымен сәйкесінше Дильназ Құбаева, Санжар Таңат пен Жандарбек Сейфолла марапатталды. Жеңімпаздарға кубок диплом және ақшалай сыйлық табыс етілді.
Соңында ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, жайдарман ойыны жалғасын табуына тілектестігін білдірді. Жоғары деңгейде өткен кеш соңында Меңдіхан Мейіржанұлы сөз алып, қолдау білдіріп, демеушілік танытқан «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігіне ерекше алғысын жеткізіп, жайдармана ойыны алда жалғасын табады деп нық сеніммен айтты.
Сонымен қатар жайдарман ойынын жоғары деңгейде өткізген командаларға алғысын жеткізді.
Бану Берікқали
Жәнібек ауданы