Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовтың төрағалығымен кәмелет жасқа толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Отырыста жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі сөз болды.
Көтерілген мәселелерге бірден-бір жауапты аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Айнұр Елемесова мен аудандық аурухана директорының міндетін уақытша атқарушы Дәрмен Келдібек көтеріліп отырған мәселе турасында баяндамаларын комиссия назарына ұсынды. Баяндамаларында олар осы тақырып төңірегінде атқарған жұмыстары мен жоспарлары жөнінде айтты.
Ауданда есепте тұрған балалар жоқ. Қолайсыз деп танылған отбасылардың балалары жөнінде қойған аудан әкімі орынбасарының сұрағына аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Дарын Сұлтанов үнемі бақылауда ұстап, кешкі уақытта үйлеріне барып тексеріп отыратындығын жеткізді.
Елімізде жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік Еуропамен салыстырғанда 3-4 есе көп. Сондай-ақ елімізде 21 мың АҚТҚ дертін жұқтырған адам болса, соның 40 пайызы 15-29 жас аралығындағы
жастар. Түсік жасатқандардың ең жасы 13-14 жастағы жасөспірім қыздар.
Осындай адам шошытарлық сандарды көргенде еріксіз жағаңды ұстайсың.
Тәуба, біздің ауданымызда соңғы жылдарда бұндай жағымсыз деректер тіркелмеген.
Отырыс соңында Жаннұр Бекбауұлы аталған мәселені болдырмау және алдын алу жөніндегі іс-шараларды көбейтіп, жасөспірімдермен байланысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар кеше ғана жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы лауазымына ресми түрде отырған Меңдіхан Халихановқа осы бөлімдермен қоян қолтық жұмыс атқаруды жүктеді.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы