14.06.2023, 16:15
Оқылды: 16

Жәнібек ауданының әкімі есептік кездесудегі мәселерді қолға алды

Тоғанға су келіп, ел көңілі жайланды

Судың адам өмірінде алатын орны ерекше. Аталған бағытта Жәнібек суландыру жүйесіне Еділ суынан 23 млн текше метр су алу жоспарланған. Мақсатты жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 848 млн теңге қаражат бөлініп, мамыр айының 17 жұлдызынан бастап каналдар арқылы елді мекендердегі тоғандарға су жіберіліп жатыр. Осыған орай аудан әкімі Тимур Шиниязов пен орынбасары Жақсылық Абдолов Тау ауылына қарасты Жұмаев елді мекеніне жұмыс сапарымен барды.

FB_IMG_1686729487332

Естеріңізге сала кетейік, өткен есептік кездесуде тұрғындар көтерген мәселенің дені тоғандағы тіршілік көзінің күрт азайып, төрт-түліктің сусауы жөнінде болған. Бүгінгі таңда суландыру жүйелері арқылы тоған суға толып, елдің көңілі жайланды.

Ендігі кезекте Ұмтыл, Қасен, Стандарт Бәсеке қыстақтарындағы тоғандарға судың толассыз келуі жақын арада шешімін табатын жоспарда тұр. Осы шаралар аяқталған соң жалпы аудан бойынша суландыру жүйесі арқылы жеткізілетін судың бірінші кезеңіндегі сумен қамтылу мәресіне жетеді.

FB_IMG_1686729480028

- Жаз мезгілінен қазан айының соңына дейін шағын елді мекендер мен шаруа қожалықтарына техникалық су жеткізу жалғаса береді. Аудан әкімдігі бұл істі назарда ұстайтын болады,- дейді Жақсылық Каримоллаұлы.

Тау ауылындағы ФАП күрделі жөндеуден өтуде

Аудан әкімі Тимур Шиниязов пен орынбасары Жақсылық Абдолов Тау ауылдық округіндегі күрделі жөндеуден өтіп жатқан фельдшерлік акушерлік пунктінде болды. Қызу жұмысқа кіріскен жандармен пікірлесіп, олардың ойымен санасты. Құрылыс нысанынан аудандық аурухана басшысы Сәуле Исмағұлова да табылып, атқарылатын келелі істерді жоспарлап, бақылау шараларын жүргізді. Мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша «Символ» ЖШС жеңіп алған болатын. Келісімшартқа сүйенсек, жоба құны 64 млн 378 мың теңгені құрап, күрделі жөндеу үш ай көлемінде  аяқталуы тиіс. Қыркүйек айынан бастап фельдшерлік акушерлік пункті тұрғындарға қызмет көрсетуді жалғастырады.

FB_IMG_1686729464060

Жол болмай, «Жол болмайды»

Аудан жұртшылығына аян, Қамысты ауылдық округіне кірме жолдың құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жол жабынын төсеу жұмысына ұласқан жолдың жыры жақын арада мәресіне жетпекші. Мердігер «Қызылорда жолдары» ЖШС пен техникалық бақылаушы жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын айтты.

Айтқанымыздай, былтыр басталған Жәнібек-Талов-Кіші Өзен бағытындағы 27-33 шақырым аралығына жол жабынын төсеу жұмысы атқару мерзіміне сәйкес осы жылы аяқталады.

Мердігер «ТОБИ» өз жұмысын ойдағыдай атқарып, тапсыруға жақын. Жалпы 48 шақырымға дейін жөндеу жоспарланған болса, 46 шақырымы соңына жетіп, қалған бөлігі алдағы айларда ел игілігіне берілетін болады.

Аудан әкімі Тимур Шиниязов пен орынбасары Жақсылық Абдолов жолдың сапасын тексеріп, құрылыс мерзімі аяқталғанға дейін аталмыш жөндеу жұмысын соңына дейін жеткізіп, тиянақты тапсыру керектігін ескертті. 

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале