Жәнібек ауданы әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезектен тыс оныншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, аудандық мәслихат депутаттары және аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды. Біріншісі «Жәнібек ауданының құрметті азаматы» атағын беру туралы аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев хабарлама жасады. Яғни аталмыш атаққа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар мен «Әлем» шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов тағайындалды.
Мәлік Құлшар 1960 жылы 18 қарашада БҚО облысы Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін математика мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1983 жылы Жәнібек ауылындағы Абай атындағы мектеп-интернатында математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1984-1989 жылдары комсомол ұйымдары бөлімінің меңгерушісі, ЛКЖО Жәнібек аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Жәнібек аудандық коммунистік партия ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы. 1989-1996 жылдар аралығында атқарушы билік органдарында жауапты лауазымдарда қызмет атқарған. 1996-1998 жылдары «Балдырған» балалар қоғамдық қоры облыстық филиалының атқарушы директоры, 1998-2001 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2001-2004 жылдары Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, 2004-2007 жылдар аралығында Казталов ауданының әкімі лауазымдарын атқарған. Ал 2007-2008 жылдары «Nur Otan» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, 2008-2020 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық мәслихат хатшысы қызметінде болды. Биыл Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып тағайындалды. Мәлік Имақұлұлы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қоса отырып, қоғамдық-саяси өмірге де белсенді араласып жүрген тұлға. «Парасат» орденінің иегері. Отбасылы, екі қызы бар.
Ескендір Елемесов 1958 жылы 9 маусымда БҚО облысы, Жәнібек ауданы, Жәнібек ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. Еңбек жолын 1980 жылы аудандық дайындау мекемесінің жұмысшысынан бастап, кейін аң және өсімдіктер әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор қызметін атқарды. 1985 жылы Семей аң және тері дайындау техникумын «Аң және тері дайындау» мамандығы бойынша, 1994 жылы Саратов мемлекеттік «Қызыл Ту ордені» политехникалық институтын «Инженер-экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оның бастамасымен 2001 жылы «Әлем» шаруа қожалығы құрылды. Аталмыш шаруа қожалығы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, дайындау және мал шаруашылығын дамытумен шұғылданып келеді. Шаруашылықтың жұмысында заман талабына сай жаңа технологиялар мен әдістер пайдаланылудың арқасында бүгінгі күні «Әлем» шаруа қожалығы аудандағы ірі шаруа қожалық болып есептеледі. Ескендір Қафарұлы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихатының 4, 5 және 6 шақырылымындағы депутаты. Ол ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлесін қоса отырып, қоғамдық-саяси өміріне де белсенді арасып келеді. Жоғарыда айтылған жетістіктері үшін 2011 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен наградталды. Отбасылы, 2 ұл, 1 қызы бар.
Сонымен қатар, сессияда Тау, Қамысты, Борсы ауылдық округтерінің 2021-2023 жылдарға арналған бюджет туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы аталған округтердің әкімдері баяндама жасады.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер аудандық мәслихаттың тұрақты комиссия мәжілісінде талқыланғандықтан, депутаттар шешім жобаларын бірауыздан бекітті. Сессияда аудан әкімі Азамат Сафималиұлы сөз сөйледі.
Г.Есенғали,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz