Бүгін Жәнібек ауданына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов пен орынбасары Мирболат Нұржанов іссапармен келіп, аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов және аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Қадимовпен бірге аудан орталығындағы спорттық нысандарды аралады.

Алдымен олар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Мектептің жағдайымен оның директоры Сырым Байсов таныстырды. Бұл ғимараттың негізі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Комсомолдың 50 жылдығы атындағы кинотеатр болып қаланған. Содан уақыт өте келе аталған спорт мектебінің ғимаратына бейімделген. Мектеп директорының айтуынша, осыдан он жылдан астам уақыт бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Ойын залының төбесі төмен қарай майыса бастапты. «Ғимараттың төбесі ашылып, профлистпен жабылды, ашқан кезде төбесі тегістей топырақпен жабылған екен, екі қабырғаны жалғап тұрған арқалық әбден тозып, шіри бастаған. Сондықтан ғимараттың төбесі тұтастай ашып, жөндеп, қайта жабуды қажет етеді», - деді Сырым Жәрдемүлы. «Бұл жігіттер құрылысшылар емес, бұлардың міндеті жастарды спортқа баулу, сол себепті жоқтан бар жасап, қолда барды барынша пайдаланып отыр», - дейді аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Зинұрұлы өз сөзінде.

Мекемеге кіреберіс сол қапталдағы бөлменің де төбесінен екі жерден су кетіп, сылақтары түсіп, ағал-жағал болып тұр. Бұдан кейін келген қонақтар спорт мектебі жанындағы жазғы алаңда, күрес залында, жаңадан салынып жатқан фитнес орталығында, «Жәнібек» спорт клубында, клуб жанындағы жазғы спорт алаңында болды. Аталған нысандардағы жұмыстардың жай-жапсарымен Сырым Байсов пен спорт клубының басшысы Бекжан Неғметов таныстырды.

Қонақтар сондай-ақ сапар барысында «Жайлау» ат спорты кешенін де аралап көргенін айта кетейік.
Сейіт Қали
Жәнібек ауданы