27.03.2024, 22:00
Оқылды: 38

Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылын су басу қаупі төнді

Биыл тасқынның тегеуріні – қатты. Жалпы Батыс Қазақстан облысында екпінмен келген қар суы біраз қиындық тудырды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл мәселені басты назарға қойды. Аудандардағы ахуалды зерделей отырып, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

433475597_974573134672361_9114832694072212804_n

Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов, орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық шекара басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полковник Дидар Хамитов су тасқынын алдын алудағы жұмыстарды көрмекке ниеттеніп, Тау, Қамысты ауылдарына барды. Тау ауылының әкімі Кенжебек Еркеғұлов жағдайды толық баяндап, ауыл тұрғындарын алаңдамауға шақырды. Қардың толассыз суына төтеп беру ісінде жұмыстардың қарқынды екендігін жеткізді. Аудан басшысы Тимур Серікұлы су тасқынына тойтарыс беру аудан әкімдігінің жіті бақылауында тұрғандығын ескертіп, тұрғындар үшін аянбай жұмысты жалғастырудың маңызын түсіндірді.

433500708_974573238005684_5078161716881093473_n

- Тау ауылында жағдай қалыпты. Ең бастысы үйге кіретін судың бетін қайтарамыз. Ертеңге дейін суды айдап, осы қарқынмен жұмысты жалғастырамыз,- деді Тау ауылының әкімі Кенжебек Чапайұлы өз сөзінде.

Қазіргі таңда Қамысты ауылына Жігер елді мекені һәм жақын маңдағы қыстақтар арқылы жеткен топан су азайған. Аталған ауылдарда техниканың көмегімен судың арнасын бұру жұмыстар легі екпінді. Бірақ Жақсыбай ауылын су басу қаупі төнді. Аталған ауыл әкімі Алмат Қаратаев жақсыбайлықтарға бейнеүндеу жасап, бәріне дайын болу керектігін айтты. Қардан тазаланған ауылға қар суы кедергі емес.

434662369_974573264672348_7747912213248324523_n

- Мың қапшықтың бес жүзі дайын тұр. Аласа жерлерді бөгей береміз. Ауыл ішіндегі қар ерте бітті. Ауыл ішіндегі, жол жанындағы судан қорқыныш жоқ. Өзеннен келетін су ғана алаңдатып отыр. Жақсыбай тоғанына су көп мөлшерде түсуде. Үш шақырым жердегі бөегеттен асып кетуде. Барымызша сақтанып, құжаттарымызды, бағалы заттарымызды буып-түйіп отырайық. Су қысымының деңгейі – жоғары. Барлық қажетті техника дайын тұр. Дегенмен өзіміз де әрекет жасап, бөгеттерді жырып, үйіміздің алдын қарап отырсақ, жақсы болады, - деді Жақсыбай ауылының әкімі Алмат Бақытұлы.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале