28.04.2023, 16:16
Оқылды: 20

"Жәнібек барысы" анықталды 

Бүгін орталық алаңда көптен күткен республикалық ересектер арасындағы "Қазақстан барысының" аудандық іріктеу кезеңі өтті.

c1ebe521-7ae2-4053-bcc7-8090a6f100f4

Жарысқа ауданның барлық тәжірибелі спортшысы жиналды. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай қатысушылардың мамандығы әрқилы болғанымен, бағзыдан мұра болған қазақ күресін ұлықтауда арман-тілектері бір жерден шықты.

Елорда күніне байланысты ойға алған шараның құрметті қонақтары аудан әкімі Азамат Сафималиев, аудандық "Ардагерлер ұйымы" РҚБ филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев, аудандық мешіттің бас имамы Есенболат Әбдуғалиев болды.

Ашылу салтанатында аудан әкімі сөз сөйлеп, қазақ күресінің бүгінгі ұрпаққа берер жемісі мен оларды ірілікке бастайтын ұлылығын баяндады.

Қатысушыларды көрерменге таныстырып болған соң, бас имам батасын беріп, бағы мен бабы қатар шабуын тіледі. Өткен кезге көз жүгіртсек, кез келген батыр не жауынгерлер сол замандағы жыраулардың жырларын бойға сіңіріп, шабыттанған. Сол үрдісті бұзбай, аудан өнерпаздары бозкілемде белдесуге әзір жандарға ән мен жырдан шашу шашты. Оның үстіне Мемлекеттік Гимнді орындап, қызулары бойға дарыған қатысушылар өз деңгейлерін көрсетуге сақадай сай тұрды. Қалың қауымның көз алдында жеребе суырып, ереже бойынша "Өгіз палуан" мен "Жәнібек барысы" үшін атойлағандардың қарқыны мықты болды.

038b56cb-ea12-4ecd-9b3b-52143260f5cc

Алғашқы белдесуден бастап үміткерлерді аудан жұртшылығы қиқулай кетті. Түсінгенге, бұл спорт түрі жай күресу ғана емес, тұтас тарихты тұғырда ұстау екені айқын. Олардың тарихқа салғырт қарамауы — өздеріне қойған лақап аттарынан байқалды. Жаужүрек батырлардың есімдерін көкке көтеріп және сол атқа лайық бола білді. Жамбас ұпайы, таза жеңіспен бір-бірін жыққан азаматтар барлық әдіс-тәсілді меңгерген. Оған дәлел — "Өгіз палуан" аталымының финалдық кезеңінде кездескен Нұрәділ Мұстақ пен Бақытжан Амангелді болды.

a381bcba-c2aa-4231-a077-dddc09a22173

Қорытындысында, аталмыш аталымда жүлделі ІІІ орынды Мерген Задоров қанағат тұтса, ІІ орынды Нұрәділ Мұстақ алып, І орынға Бақытжан Амангелді сөзсіз сай болды. "Түйе палуан" бойынша ІІІ орынды Райымбек Нұрғалиев еншілесе, сарыла тосқан "Жәнібек барысын" Серік Самодиянов пен Мейрамбек Дошимов сарапқа салды.

Нәтижесінде, Мейрамбек жартылай жеңіспен алға озып, соңында таза жеңіспен сүйіншіледі.

Бас төреші Сырым Байсов әр сәтті қалт жібермей отырды. Сондықтан байқаудың әділ өткені айдан анық. Үздіктер аудан әкімдігі мен аудандық Жәнібек спорт клубының атынан диплом, медальдармен көмкеріліп, ақшалай сыйлықтарды қанжығалады.

cebf673b-fd0a-4de5-b238-ec3bfe6a90d0

"Жәнібек барысы" атанған қатысушы облыстық кезеңге жолдама алды.

Айта кету керек, аудандық қазақ күресі федерациясының президенті Асқарбек Нығметов пен аудан әкімдігі жарысқа демеушілік білдірді.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале