15.12.2023, 23:56
Оқылды: 54

Жәнібек жұрты желтоқсаншысын еске алды

Тәу етер тәуелсіздік құсы оп-оңай қолға қонбады. Намыс бұлқынып, ел деп тыным таппаған кеудедегі жүректің дүрсілі, боздақтардың қаны, жастардың жігері, қыршын кеткен ұлтшылдың өмірі бізге ең аяулы азаттықты тарту етті. Соңындағы ұрпақтың ақ таңы арайлап атып, зеңгір көктің астында бақытты ғұмыр кешуде. Алаңға шыққан өрімдей жастардың қатарында Жәнібек ауданының жастары да болды. Сондай жалынды жастардың бірі – Сүйінғали Шүкіров. 

FB_IMG_1702655701979

Сүйінғали Шүкіров елді қалай сүйсе, өнерді һәм гитараны солай сүйді. Туған жеріне келіп, өнерге құштар оқушыларды жинап, «Үркер» гитара және вокал үйірмесін ашты. Бұл үйірменің атауы да ерекше. Торпақ шоқжұлдызындағы алып және жарық күйдегі галактикалық шашыранды үйіржұлдыз шоғырындай өнер көгінде жас жұлдыздардың жарқырауына септігін тигізді. Тұла бойында түрлі өнердің сәулесі бар жан Т. Жароков атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде технология пәнінен сабақ беріп, соңғы уақыттарын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Жанына жастарды жинап, өнерге баулыды. Оқушылары түрлі жетістіктерге жетіп, сурет, ән өнеріне ерекше құштар болды. Жеті ішекті аспаптың сиқырлы тілін шебер меңгерген Сүйінғали Сағынтайұлының «Рауан» ансамбліндегі еселі еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ел деп еміреніп, ән деп тебіренген жанның ғұмыры қысқа болса да, соңына өлшеусіз мұра қалдырды деп есептейміз.

FB_IMG_1702655718931

Жәнібек ауданының мәдениет үйінде Сүйінғали Шүкіровты еске алуға арналған гитарамен ән немесе шығарма орындаушылардың арасында аудандық «Үркер» фестивалі өтті.

FB_IMG_1702655706266

Рухани кешке зайыбы Гүлсара Шүкірова қатысты. Әуелі көрермендерге бейнеролик көрсетіліп, жүргізуші Нұрлыхан Кәрімов желтоқсаншының өмірбаянын оқыса, Лариса Әбдуғалиева оның адами қасиеттеріне тоқталды.

FB_IMG_1702655699477

Содан соң інілерінің атынан Райымбек Кәрімов ән шырқап, аудан жұртшылығы берген бағаның аласармағанын сездірді. Әріптесі Шынтемір Рамазанов, Фатима Әлімова және аталған байқаудың өтуіне атсалысқан шәкірті Нұрлан Әбесов естеліктерімен бөлісті.

FB_IMG_1702655712443

- Қолымызға мектеп атестатын алатын күні өте суық хабар жетті. Оған дейін ортамызда жарқылдап жүрген ағамыздан бір мезетте айырылып қалу оңай болмады. Қабырғамыз қайысып, жылай-жылай көзіміз ісіп, ең маңызды күнді ұстазымызсыз өткіздік. Адамгершілікті бірінші орынға қоятын Сүйінғали Сағынтайұлынан үлгі алдық. Әлі де сағынамыз. Бард әндерін айтып, жанымызда отырса ғой дейміз. Бірақ қайтып келмесі анық қой. Енді оның шығармашылығын, тұлғалық қабілетін дәріптеуіміз керек,- деді сөзін толқып бастаған Нұрлан Нұржанұлы.

FB_IMG_1702655726249

Әрмен қарай қатысушылар өнер көрсетті. Мекеме қызметкерлерімен бірге оқушылар да бақ сынап, өзара сынға түсті. Нәтижесінде жүлделі 3-орын шекара шебінде елге қызмет етіп жүрген әрі өнерге құрметпен қарайтын Ержан Ғизатоллаұлыға бұйырса, 2-орынға заңгер Асылжан Дәулетов лайық болды. Ал мектептен тыс жұмыстар орталығының оқушысы, облыстық байқаулардың жүлдегері, нәзік дауыс иесі Гүлім Биғали жеңімпаз атанды. Марқұмның жолын жалғап, гитара аспабын серік етіп жүрген жастарға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале