22.08.2024, 16:15
Оқылды: 182

Жәнібекке «Қазақ билер алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы келді

Жәнібек ауданына «Қазақ билер алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Сүлеймен Мектеп пен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық академиясының құрметті академигі, домбырашы, танымал күйші, ұлттық музыканы насихаттаушы Едіге Нәбиев келді.

D5385502-B2A8-4AD7-A077-E154A152EF5F

Олар аудандық ардагерлер үйінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының, Жәнібек ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағаларымен, ардагерлер ұйымының мүшелерімен және жастармен кездесті.

Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ашып, қонақтарды таныстырғаннан кейін сөз кезегін Сүлеймен Мектепұлына берді.

– Жәнібекке алғаш рет келіп отырмыз. Қазақта әз Жәнібек деген хан өтті. Сол тұлғаның атына қойылды ма екен, әлде басқа ма деп келгенбіз. (Осы арада Жақсылық Каримоллаұлы «Алтын орданың ханы әз Жәнібектің атына қойылған» деп түсінік беріп өтті). Дұрыс, бұрын қазақ атауды жайдан жай қоймаған ғой. Қазір ХХІ ғасырда көптеген нәрсе өзгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Билік халықтың жалданған менеджері» дейді. Сондықтан билік халыққа жұмыс істеуі керек. Негізгі билік халықта, біз соған келе жатырмыз. Әрине, бұл бірден бола қоймайды, бірақ біздің стратегиялық мақсатымыз осы. «Қазақ билер алқасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына алты-жеті айдай болды. Орталығы – Алматы қаласында. Бас биіміз қазіргі таңда Әбу Орынбасарұлы деген азамат. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, сол жердегі халықаралық бизнес университетінің ұстазы. Құрамында әртүрлі салада жұмыс істеп жатқан азаматтар бар. Біздер өткен сәуір айында құрылып, әділет басқармасында ресми түрде тіркеліп, аталған бірлестіктің филиалы болып бекітілдік. Құрамымызда 25 адам бар, ынталы топпыз. Ынталы топтың құрамында филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр мен техника ғылымдарының докторы Ермек Айталиев, өнер, спорт саласындағы басқа да азматтарымыз бар.

C9044F12-5CEE-4DE6-840C-85D46040527A

Алдарыңызда отырған Едіге Нәбиев ағамыз елге танымал күйші, Құрманғазы атындағы консерваторияның құрметті профессоры, бұл кісінің күйлері алтын қорда мәңгі жазылып қалды. Өзім көп жылдар бойы Алматыда мәдениет саласында, дыбыс жазу студиясында кәсіпкер болып жұмыс істедім. «Мәлика» деген студиямыз болды. Консерваторияның ұстаздарымен жұмыс істедік. Архивтерді шығарамыз, сонда Едіге Қуанғалиұлының күйлері бар екен. Содан Орал жаққа барғанда сол кісіні көрсем деп, кездесуді армандап жүр едім. Ал ол кісі «ұлық болсаң, кішік бол» деген, өте қарапайым адам екен.

Біздің мында келгендегі мақсатымыз – әр ауданда ынталы топ құру, болашақта облыста билер жүйесін құру ғой. Оны құру үшін бірінші ынталы топ жұмыс істеуі керек. Ынталы топ ең төменгі саты – ауылдардан басталады, яғни ауылда билер сайланады. Билер әзірге әкімдердің қасында кеңесші болып, әкімнің бюджетін қарап, тексеріп, дұрысын дұрыс деп, бұрыс жерін тоқтатады. Сондай негізгі құқық берілген. Кезінде тоқсаныншы жылдары өзін-өзі басқару деген заң шыққан, міне осыны ұтымды пайдаланып, әкімдерді тоқтатып қоюға болады, былайша айтқанда, жақсы мағынада. Қазір таң қалатын нәрсе емес, кейбір ауылдық округтерде, әкімдердің қойып жатқан кандидаттары сайлаудан өте алмай, халықтың өз кандидаттары әкім болып сайланып жатыр. Бұл жақсы нәрсе, халық оянып, сенім пайда болып жатыр. Адамда сенім болса, халық оянады. Билік заң шеңберінде әрекет етіп отырады.

Енді ауылдарда билер сайлауымыз керек. Ол үшін ауданда ынталы топ құрылса, біз солармен жұмыс істер едік. Кеңес беріп, әдістемелік көмек көрсетер едік. Бұған негіз бар, жаңа айтып өттім, қоғам, халық және жастар оянды. Үлкен кісілеріміздің өмірден алғаны, түйгені көп. Оларды рухани қазына дейміз. Олар халықтың, өмірдің университетінен өткендер. Орта буын, жас буын болып осы жұмысты әрі қарай алып кетуіміз керек. Қазіргі билер шежірені білуі, музыка мен спорттан хабары болуы, бастысы, халықпен жұмыс істей білуі керек. Осындай жақсы қасиеттерге ие болуы қажет.

Билер алқасының жұмысы көп, барлық салаға да араласа алады. Халық арасында сенімге ие болу үшін бірнеше басымдықтарды қолға алмақпыз. Соның бірі – отбасы жағдайы. Қазіргі таңда қоғам арасында отбасы мәселесі өте қиын болып тұр.

Әсіресе, үлкен қалаларда, Ақсайда, орыстар көп жерде, қазақы тәрбие көрмеген жерде ажырасулар көп. Бұрын көрмеген, естімеген азғындықтар болып жатыр. Сондықтан отбасылық институт құндылықтарын қолға алуымыз керек. Бүгінде аға тұрып – іні, шеше тұрып – қыз сөйлеп кетті. Бұлай болмайды ғой, қайда барамыз. Сол себепті бәрі отбасындағы тәрбиеден басталуы керек. Осыған орай қаладан әкімдікпен біресіп, отбасы орталығын ашуды ойластырып отырмыз, - деген төраға әрі қарай жеті атаны, текті, шежірені білу, асабалардың садақа, той басқарудағы мәдениеті, кәсіпкерлік, соның ішінде атакәсіп – мал шаруашылығынан алынатын өнімдерді өңдеу, мал сою пунтінің жұмысы туралы сөз сабақтады.

Өз кезегінде Едіге Нәбиев күйдің шығу тарихын тарқата отырып, жиналған қауымға бірнеше күй орындап берді. «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов келген қонақтарға өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.

Асқар Орынғалиұлы

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале