Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді.
Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі саналады. Асық ойыны жүйке жүйесін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді.
Биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Спорт түрлерінің арасында асық ату ұлттық ойыны да бар.
Сол себепті жуырда Қамысты ауылында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын насихаттау мақсатында ерлер арасында асық ату ұлттық ойынынан аудандық сайыс өтті.
Жарысқа бес команда қатысып, нәтижесінде 3 орынды Ақоба ауылы командасы алса, 2 орынды Тау ауылының командасы жеңіп алды.
Жүлделі 1 орынды Жәнібек ауылының командасы иеленді. Жеңімпаздар диплом, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы