Су – тіршілік көзі. Қазіргі таңда барлық өңірде мемлекет басшысының тапсырмасына орай су шаруашылығы инфрақұрылысын кешенді жаңғырту аясында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Сондай жұмыстар Жәнібек ауданында да іске асырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес келер жылы халықтың сапалы ауыз суға қолжетімділігі мәселесі толығымен шешілуі тиіс. Осы орайда бүгін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасы аясында бір күнде үш нысанның ашылу салтанаты өтті.
Тау, Борсы, Жасқайрат ауылдық округтерінде ауыз су құбырларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев, құрылысты жүргізген мердігер «БатысГазСтрой» ЖШС-нің басшысы Гүлмира Мұқанова мен аталған үш учаскенің басшысы Нұрбол Мұқанғалиев аталған ауылдарға барып, тұрғындардың қуанышын бөлісіп қайтты. Тау ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлепқали Әзберген, Борсы ауылының тұрғыны, зейнеткер Сағадат Қаратаев және Жасқайрат ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Жұпар Хамзина су насостарын іске қосып, баталарын беріп, ауыл тұрғындары атынан ризашылықтарын жеткізді.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Таңатарұлының айтуынша, құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 929 млн теңге қаражат бөлінді. Қайта жаңғырту жұмыстарын «БатысГазСтрой» ЖШС жүргізсе, «ГрандТауерСервис» ЖШС техникалық бағытта қадағалады. Бұрын су кірмеген тұрғын үйлерге су кіргізілді. Жаңа 6 скважина қазылып, үш ауылға су қысымды мұнарасы орнатылды.
Жаңа насосты станция ғимараты салынп, екі ауылдың резервуары жөнделіп, бір ауылға жаңа резервуар салынды. Барлығы 23 шақырым ауыз су құбыры тартылды. Жаңа су тұшыту қондырғылары орнатылып, ауылішілік құдықтары ішіндегі фасонды бөліктері мен задвижкалары ауыстырылды. Жаңа насостар орнатылды.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы