Жәнібек аудандық ардагерлер үйінде аудандық орталық кітапхана мен «Ардагерелер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен Астана күні және Ұлттық домбыра күніне орай «Ел жүрегі – Астана, ел үні – домбыра» атты танымдық шара өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Еділ Елемесов, кітапхана қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.

Шарада сөз алған аудандық филиалдың төрағасы Амангелді Уәлиев, еңбек ардагері Қабаш Жүнісов жиналған қауымды тұспа-тұс келген Астана және Ұлттық домыра күнімен қызу құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Қабаш Жүнісұлы домбыра күніне орай кейбір күйлердің шығу тарихына тоқталып, естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ шара барысында мәдениет қызметкері Алтынбек Кәрімовтың домбырада сүйемелдеуімен қазақтың күй өнерінің шоқтығы биік жауһары – Құрманғазының «Адай» күйін сөзімен Арна Нұрболат орындады. Ал күміс көмей әнші Тамара Кафарова домбырамен «Әгугәй» әнін көпшілікке тарту етсе, жас әнші Айшат Хамзина жүректерге рух, көңілге қуат сыйлайтын тамаша әнмен шараны түйіндеді.

Осы ретте қос мерекеге орай кітап көрмесі шығарылғанын да айта кетейік. Соңында жиналғандар бауырсақ пен ақтан ауыз тиіп, естелік суретке түсті.
Сейіт Қали,
Жәнібек ауданы