Жәнібек ауданында игі істер жалғасын тауып жатыр. Республика күні мерекесі қарсаңында ел тұрғындары үшін қызмет ететін аудандық газ шаруашылығы учаскесінің ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Ғимарат алдында өткен салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, «Qazaq Gaz Aimaq» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облыстық өндірістік филиал директорының орынбасары Дастан Ибраимов, бөлім басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
– Құрметті, ауылдастар, газ шаруашылығының қызметкерлері! Сіздерді аудан әкімдігі атынан мерекемен құттықтаймын! Республика күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде қуанышты жаңалықтар, елдің алға басқанын көрсететін сәулетті ғимараттар салынып, келелі істер атқарылуда. Сондай шағын істердің бірі – аудандық газ шаруашылығы ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілуі. Аудандық газ шаруашылығы – тұрғындарға күндіз-түні қызмет ететін бірден-бір кәсіпорын. Аудан толық газдандырылды. Көгілдір отынның қызығын тұрғындар көріп отыр. Бұның барлығы ел игілігі үшін жасалып жатқан жақсы істер. Осындай жақсы істеріміз көп бола берсін. Сонымен қатар «Qazaq Gaz Aimaq» өндірістік филиалы газ шаруашылығының қызметкерлерінің жұмыстары жайлы болуы үшін көлік те сыйлап жатыр. Осы орайда филиал басшылығына аудан әкімдігі атынан алғысымызды білдіреміз, - деді Жақсылық Каримоллаұлы құттықтау сөзінде.
Сол сияқты «Qazaq Gaz Aimaq» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облыстық өндірістік филиал директорының орынбасары Дастан Арыстанғалиұлы сөз алып:
– «Qazaq Gaz Aimaq» акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облыстық өндірістік филиалының «Негізгі құралдарды қолдау және жоспарлау» инвестициялық бағдарламасы аясында Жәнібек газ шаруашылығының ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өздеріңізге мәлім, аталған ғимарат көптен жөндеу көрмеген. Жасалып жатқан жұмыстар жай ғана формальдық емес, бұл біздің даму жетістігіміздің деңгейі. Ғимараттың жаңартылуы тек сыртқы келбеттің жақсаруы емес, ол ең бастысы – біздің дамуымыз, аудан тұтынушылары мен жұмысшылары үшін жасалған іс. Сонымен қатар ғимаратта мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ апатсыз және тұрақты газ беру мақсатында орталық аппараты бас директорының қолдауымен «Соболь» маркалы жаңа автокөлік сатып алынып, облыс бойынша 9 ауданға табысталды. Соның ішінде Жәнібек ауданындағы газ шаруашылығы да жаңа автокөлікке ие болды, - деп аудандық газ шаруашылығы учаскесінің директоры Рауль Өтемісовке жаңа автокөліктің кілтін табыстады.
Аудан көркемөнерпазы Райымбек Кәрімов әннен шашу шашып, көңілді марқайтып алды. Жиналған жұртшылық жаңа келбеттегі ғимаратқа беттеп, тынысымен танысты.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы