3.05.2024, 22:00
Оқылды: 71

Жәнібекте газеттің маңыздылығына қатысты жиын өтті

Әлеуметтік желіден іздеген барлық ақпаратыңды таба алуың мүмкін. Дегенмен ол рухани құндылықтың орнын баса алмасы анық. Бүкіләлемдік кеңістікті жаулаған ғаламтор желісін әлем халықтары бірдей пайдалануда. Әйтсе де, оның адамға қаншама ғасырдан бері рухани азық беріп келе жатқан кітап, газет-журналдардың орнын баса алмайтынын сол желіні белсенді қолданушылардың өздері де айтуда.

image-03-05-24-06-47-4

Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруда аудандық газетке жүктелер жауапкершіліктің жүгі ауыр. Түрлі Үкіметтік бағдарламаларды айтпағанда, түрлі реформалар мен оны жүзеге асыруға бағытталған шаралардың орындалу барысымен тұрғындар ең алдымен аудандық газеттегі материалдар арқылы таныса алады. Шыққан материалдардың сапалы болуы, оқырмандарға мемлекет саясатын ұғынықты түсіндіре білу аудандық газет қызметкерлерінен ерекше қабілет-қарымды талап етеді.

Соңғы кезде газетке мәжбүрлі түрде жаздыру жұрт арасында талқыланып жатыр. Жалпы газет оқу – зиялылықтың белгісі. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Қазіргі таңда ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері де көп. Қазір айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте-ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы әлемге тарап жатады. Бірақ газет оқу мәдениеті – қашан да талғамы жоғары оқырманның талабы. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих. Секунд сайын жаңарып тұратын сайттардан газетті айрықшалап тұратын негізгі басымдық – осы. Газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын газет бетінен табуға болады.

Қоғамдық сананың дұрыс қалыптасуы, газеттің маңыздылығын айту мақсатында қоғам белсендісі Табылғали Сапаров, «Жайық Пресс» ЖШС Бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов пен «Жайық Пресс» ЖШС Ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрбек Оразаев Жәнібек ауданына келіп, зиялы қауыммен жүздесті. Басқосу аудандық білім беру бөлімінің мәжіліс залында өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудан орталығындағы мектеп, балабақша және қосымша білім беру ұйымдарының директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

image-03-05-24-06-47-3

- Біздер газетке жазыл деп үгіттейтін топ емеспіз. Сіздермен жүздесудегі мақсат – ол газетті құрал есебінде қалай пайдалану керектігін айту. Қазір газетке деген көзқарас басқаша. Барлығымыз қолдағы телефонға тәуелдіміз. Одан біздер, әуелі жаңалықтарды қараймыз. Одан кейін әңгіме, өсек тыңдаймыз. Оның артында кім тұр, ол қандай бағытта айтылып жатыр, онымен шаруамыз жоқ. Қызық болғасын істейміз. Ал оның барлығы санаға қалай әсер етіп жатқанын өздеріңіз білесіз. Бұрын телефон болмағанда санаға ата-ана, мектеп, қоршаған орта әсер етті. Содан кейін оқып-тоқығаның. Газет, кітап оқып, кино көріп, радио тыңдап, санамыз қалыптасты. Ал қазіргі жағдай жақсы емес. Ананы балаға, баланы әкеге қарсы қойып отырған замандамыз. Білім саласы қызметкерлерінің заң бойынша міндеті қандай? Үш міндет бар. Ол – балаға білім беру, тәрбиелеу және дамыту. Баланы адам ететін білім. Әрине, ата-ананың да рөлі бар. Бірақ дегенмен, білімі жоқ баланың болашағы болмайды. Білімнің газетке не қатысы бар дейтін шығарсыз? Қатысы бар. Мәселен, газет бетінде бала тәрбиесіне, ондағы ата-ананың рөлі жөнінде тілшінің мақаласы шықты. Сол мақала ата-аналар жиналысында ата-аналармен бірге отырып талқыланса және сол үрдіс қайта-қайта қайталанса, санаға дұрыс жағынан әсер етеді. Сіздер зиялы қауымсыздар. Газетті тиімді пайдалануға болады. Сол газетке түйіні шешілмей тұрған мәселені өздеріңіз де жаза аласыздар. Халықтың қоғамдық санасын қалыптастыруда ұстаздардың атқаратын орны ерекше, - деді Табылғали Сатқалиұлы.

«Ауданға келудегі мақсатыңызды түсіндік. Мен басқаратын ұжымда жүз қызметкер бар. Соның 70-і мұғалім, қалғаны кіші қызметкер. Өз басым облыстық, аудандық газеттерге отбасымызбен жазыламыз. Газеттің рөлін, оның қаншалықты қажет екенін жақсы білеміз. Газеттерге жазылуды ұйымдастырамыз», - деді №1 мектеп-лицейінің директоры Сапар Мәмбеталиев.

Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы қорытындылады.

PS. Бүгін оқырманды газетпен емес, газетті оқырманмен қамтамасыз ету қажеттілігі туған кезеңде сенімді әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бейжай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмайтыны анық. Аудандық газет – аудан айнасы. Ал айнаға қарап жүру – артықтық етпейді!

Гүлзара Мәди ,

Жәнібек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале