Жәнібек ауданына іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев аудандағы бірнеше нысанды аралағаннан кейін келер жылы құрылысы басталатын А.Оразбаева атындағы негізгі орта мен Ұзынкөл орта мектептеріне барды, сонымен қатар №1 мектеп-лицейінде болды.
– Облыс бойынша 16 апатты жағдайдағы мектеп бар. Аталған мектептер ауылдарда орналасқан. 2025 жылы КПО б.в. компаниясымен бірлесіп, шағын жинақты 8 жаңа мектептің құрылысы жаспарланған. Салынатын 8 мектептің екеуі Жәнібекте орналасқан. Бірі орталықтағы А.Оразбаева атындағы негізгі орта мектебі болса, енді бірі Ұзынкөл атындағы орта мектептің құрылысы келер жылы басталады. ҚР Президенті Қ.Тоқаев мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Қазіргі таңда облыс бойынша 86 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Келесі жылы жұмыстар басталады. 2025 жылы мектептердің жағдайы басты назарда болады. Себебі оқушы мен мұғалімге жағдай жасалу керек. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ – елдің болашағы. Сол себепті мектептердің құрылысы мен оларды жөндеуге күш-жігерімізді саламыз, - деді Қ.Меңдіғалиев.
Ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімінің орынбасары Бөкей ордасы ауданына бет алды.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы