Жәнібек ауданы әкімдігі жанындағы кәмелеттік жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов ашып, жүргізіп отырды.
Отырыста әлеуметтік жағынан қолайсыз отбасы балаларына көмек көрсету мақсатында «Мейірбандық күндері» айлығының өту барысы туралы аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айнұр Елемесова айтып берді.
Оның айтуынша, «Мейірбандық күндері» облыстық қайырымдылық айлығын өткізу үшін жоспар жасақталған. Жұмыстар жоспарға сай өтіп жатыр. Мәселен, 11-20 қазан аралығында ұйымдастырылған «Игі істер марафоны» жобасы аясында «Қайырымдылық жылы жүректен» атты мектептегі еріктілер клубы, әлеуметтік педагог және мектеп тәлімгерлері «Жас ұлан» ұйымымен бірге ауылдардағы жалғыз басты ана және ақсақалдардың үйлеріне барып, ауласын тазалап, қолұшын берді.
Ал «Жүрегім толы мейірім» акциясы аясында ауылдың үлкендерін мектеп әкімшілігі арнайы мерекемен құттықтады. Мектептерде тақырыпқа орай түрлі сынып сағаттары өткізіліп жатыр.
Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Түйебаев баяндады.
– Аудан бойынша «ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар» санаты аясында тұрғын үй кезегіне 7 азамат тіркеуде тұр. Кезек бойынша және үйлердің салынуына қарай аудан орталығынан аталған санат бойынша 2022 жылы бір, 2023 жылы бір азамат тұрғын үйге қол жеткізді. Биыл Жәнібек, Ақоба, Тау, Қамысты ауылдарында тұрғын үйлердің пайдаланымға берілуіне байланысты аталған санаттағы азаматтарға тұрғын үйлер ұсынылған болатын. Алайда, түрлі себептермен азаматтар бас тартып, аудан әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясына өтініш білдірді. Олардың көбі тұрғын үйлерді Орал қаласынан алуға ниетті. Осыған байланысты «ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар» санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға ипотекалық бағдарламаға қатысып, соның ішінде Отбасы банкінің «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында, үй алуға болатындығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - деді Арман Серікұлы.
Жиынды Жақсылық Каримоллаұлы қорытындылады.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы