Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Халықаралық театр күніне орай Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралы» атты драмасы сахналанды.
«Махаббат аралы» деген атауға қарап, көрермен жастық шақтың желігі, албырт сезімі жайлы спектакль деп ойлап қалды. Алайда, бұл психологиялық драма. Спектакльде үш-ақ актер ойнады, үшеуі де бас кейіпкер. Орманшы, атақты дәрігер-депутат және оның жас тоқалы. Оқиға олардың орманға саяхаттап келуінен басталды.
Таудан аққан мөлдір бұлақ, салқын таза ауа, көркем табиғат. Алайда омыртқасы ауырған дәрігер жүре алмай қалды. Орман ішінде жалғыздан жалғыз қалған жұбайларға орманшы көмекке келді. Әрине, тегін емес. Ақыр соңында әбден қалтасы қағылған дәрігер орманшыға дәрі-дәрмек үшін тоқалын айырбастауға келісті. Ал орманшы – опасыз емес. Кезінде өлім аузында жатқан әйелін аман алып қалу үшін қыруар ақша талап еткен арсыз дәрігерден өш алу, дәрігердің сол кездегі ашкөздігін кешіре алмауынан туған өш алу, кек қайтару ғана еді.
Байлық пен жоқшылық, махаббат пен сатқындық, адалдық пен арамдық... осылай жемқорлықтың қауіпті қылмыс екені сахналанды. Жәнібек аудандық халық театр актерлері аталған тұлғалардың рөлін сәтті сомдап шықты. Дәрігер-депутаттың рөлін Нұрлыхан Кәрімов сомдаса, оның тоқалы болып жас актриса Анаргүл Молдашева ойнады. Әділдікті іздеген орманшы рөлін Өмірзақ Жармұхамбетов сомдады.
Қоюшы-режиссер Амангелді Насипов болса, Алтынбек Кәрімов әнмен көркемдеді.
Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов кешегі Халықаралық театр күнімен құттықтап, театр ұжымына алғысын білдіріп, алған әсерімен бөлісті.
- Бұл драма – адамдар арасындағы қарым-қатынасты ашып көрсетеді. Бір адамның бір адамға деген жеккөрушілік қасиеті қайдан пайда болады? Бұл пьеса – адамдарды өз ішкі жан дүниесіне шындықпен, шынайылықпен терең үңілуіне шақырады, - деді әкім орынбасары.
Театр актерлерінің шеберлігіне сүйсінген аудан тұрғындары қошемет көрсетіп, ұзақ шапалақтады.
Залда ине шаншыр орын болмады. Оны біз қарапайым халықтың театрға деген махаббаты деп түсінеміз.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы