Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінің фойесінде Отбасы күніне орай мәні зор «Шежіре сыр шерсе, ұрпақ нәр алады» атты отбасылық тақырыптық кеш өтті.

Кештің басты мақсаты отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық тәрбиені насихаттап, ұрпаққа үлгі болатын әулеттердің өнегелі өмір жолын кеңінен таныстыру болды.
Кеш шымылдығы ұлттық, рухты асқақтатар жыр жолдарымен ашылып, отбасының қадір-қасиеті, тәрбиелік мәні мен қоғамдағы орны жайлы мазмұнды ойлар айтылды.

Тақырыптық кешке Қамысты ауылынан келген Сикеновтер, Тау ауылынан Қаратаевтар, Борсы ауылынан Қаменовтар әулеттері қатысып, өз өнерлері мен үлгілі дәстүрлерін ортаға салды. Олар ұлттық киім үлгілерін көрсетіп, әулет шежіресін таныстырды. Әр әулет ән-жыр, күй, би, қолөнер арқылы өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар ұмыт болған салт-дәстүрлер жайлы сұрақтарға жауап беріп, ата-бабадан жеткен асыл мұраның ұрпақ санасына сіңуіне үлес қосты.

Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Айшат Хамзина, Жеңісбек Жүсіпов, Райымбек Нұрғалиев әсем әуендерімен кештің сәнін аша түсті.
Шарада отбасылардың өнері мен бірлігіне лайықты баға беріліп, арнайы аталымдар бойынша марапаттар табысталды.
Саялы шаңырақтың татулығы мен ынтымағын паш еткен Сикеновтер әулеті «Бірлігі жарасқан әулет» атанды. Домбырасының үнімен, әсем биімен, әулет өнерін жарқырата көрсеткен Қаратаевтар әулеті «Өнегелі әулет» аталымына ие болды. Жүрекке жақын өнерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Қаменовтар әулеті «Көрермен көзайымы» атанды.

Аудандық мәдениет үйі мен «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен өткен бұл тағылымды шара көпшіліктің жүрегінде жылы әсер қалдырды.
Бану Самат
Жәнібек ауданы