22.10.2024, 23:30
Оқылды: 183

Жәнібекте пікірсайыс турнирі өтті

Бүгін Т.Жароков атындағы орта мектебінің акт залында Жәнібек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Республика күніне орай жастар арасында аудандық «Жәнібек CUP» ашық пікірсайыс турнирі өтті.

image-22-10-24-05-13-5

Орталық басшысының міндетін уақытша атқарушы Меңдіхан Халиханов: «Өткізіліп отырған шараның мақсаты — ұлттық мерекеміз –Республика күнін жастар арасында кеңінен насихаттап, патриоттық сезімді ояту»,- деді. Өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетін арттыру екендігіне баса тоқталып өтті. 

Аталмыш турнирге 16 мен 35 жас аралығындағы пікірсайысшылар қатысты. Пікірталас америкалық парламенттік форматта өткізілді. Қазанның 16-сы мен 22-сі аралығында аудан бойынша келіп түскен өтініштер арасынан 7 фракция таңдап алынды.

image-22-10-24-05-13-6

Алдын ала берілген 7 қарардың барлығын оқушылар ашық алаңда талдай отырып, өз ойларын айқын, дәлелді түрде жеткізе білді. Пікірсайысшылар ауылда тұрудың артықшылықтарына, осы заманның басты құндылықтарына, жастар саясатының нәтижелілігіне қатысты ойларын жеткізіп, толық тұсау салу мүмкін болмай тұрған нашақорлықпен күресудiң тиімді механизмдерін ұсынды.

Ауданда бәсеңдеп қалған пікірсайыс қозғалысын дамытуды мақсат тұтқан, бастамаға қолдау білдіріп келген Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова бастаған әділқазылар алқасының қорытындылауы бойынша I орынды М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің «Болашақ» фракциясы алса, II орынды Ұзынкөл орта мектебінің «Зиялы» фракциясы ұтты. III орын №1 мектеп-лицейінің «Шам мен шырақ» фракциясына бұйырды.

«Үздік талпыныс» аталымы бойынша Т.Жароков атындағы орта мектебінің «Ұшқыр ой» фракциясы марапатталса, аталған мектеп оқушысы Айәсем Азаматова «Үздік спикер» аталымының иегері болды. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен арнайы диплом, медаль табыс етілді. Жеңімпаздар ұйымдастырушылардың арнайы кубогімен марапатталды.

image-22-10-24-05-13

Айта кету керек, осындай форматта өткізілетін пікірсайыстардың алдына қоятын міндеттері жастарды шешендік шеберлікке, тыңдай білуге, қабылдау, талдау қасиеттерін арттыруға бағытталады. Ойды сауатты және дәлелді түрде жеткізе білу, инновациялық ой-пікір және тәжірибе алмасуын қамтамасыз ете отырып, жастардың білім деңгейін жоғарылату және сыни ойлау қабілетін жетілдіру саналады. 

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале