30.09.2024, 13:00
Оқылды: 162

Жәнібекте Рахметолла Егізбаевтың 100 жылдығы аталып өтті – шолу

Мемлекет және қоғам қайраткері, КСРО Журналистер одағының мүшесі, ақын Рахметолла Егізбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Жәнібек шаһарында дүбірлі той өтті.

2BB52FAD-752E-4F93-907E-AAF1C0382254

«Өнегелі ізі ұрпақ жадында»

Осындай атаумен алдымен мерейтойға орай облыстық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Аудандық мәдениет үйінде конференция қонақтарын «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі әдемі әуенмен қарсылап алса, конференция қатысушылары фойеде ұйымдастырылған көрмемен танысты. Қонақтар қатарында М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев, Р.Егізбаевтің немере қарындасы Айжан Егізбаева, Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұрша табылды. Көрмені облыстық тарихи-өлкетану музей бөлімінің Мәншүк Мәметова мемориалдық музейі, аудандық тарихи-өлкетану музейі мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дайындап, назарға ұсынды.

Конференция модераторы БҚО тарихи-өлкетану музей бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов «қош келдіңіз» айтып, спикерлерді таныстырды.

80BA7AAD-E72E-455F-9AC7-F7DB1DB1C9B2

Аудан әкімі Тимур Шиниязов алғаш боп Рахметолла Сүйіндікұлының өмір жолы мен қайраткерлігі туралы баяндама жасады. Сонан соң ғалым, филолог, филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Әбділманов Рахметолла Егізбаевтың жырларының әдеби ерекшелігі хақында баяндады. Сонымен қатар ол аудандық орталық кітапханалар жүйесіне өз атынан кітаптарды сыйға тартты. Сондай-ақ «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалдың төрағасы Амангелді Уәлиев Рахметолла Егізбаевпен қызмет жасаған жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Конференцияның келесі спикері ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова аудан көлеміндегі ескерткіштердің орнатылуына тікелей ұйытқы болған қайраткердің қажырлы еңбегі туралы айтып өтті.

«Жыр арқауы – туған жер» әдеби-сазды кеш

Конференциядан кейін «Жыр арқауы – туған жер» атты әдеби-сазды кеш өтті. LED-экранда Р.Егізбаевтың жас кезіндегі фотолары көрсетіліп, театрландырылған қойылым болды. Әнші Аслан Боранбаев «Сағындым Шәрімбетті» әнін шырқап, аудан жастары әдемі көрініспен сүйемелдеді. Райымбек Нұрғалиев ақын өлеңін мәнерлеп оқыса, «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің бишілері мың бұрала билеп, кештің шырайын келтірді. Сонымен қатар өмірін мәдениет саласына арнаған Улия Тұманова Р.Егізбаевтың 90 жылдығына орай жазған өлеңнің тұсауы кесілді. Ауданның әншісі Қуаныш Аждуов «Сырлы бұлақ» әнін орындап берді. Байғаманбет Ажығалиев «Үлкен Айдай» әнін орындаса, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты Наргиза Касумова «Бұлбұл» күйін аса шеберлікпен күмбірлетті. Домбырашылар ансамблі де өз өнерлерін көрсетті. Кеш барысында Рахметолла Сүйіндікұлының жырларын әнге айналдырған ел азаматы, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Қазақстан Композиторлары одағының мүшесі, әнші композитор Қуаныш Қисметовтың «Сиқырлы ән» әнін Шынар Каюпова шырқаса, квартет «Жәнібегім» әнімен кешті қорытындылады.

F48B70BF-8044-4C75-B656-987EF4E8F6FA

Кеш соңында аудан әкімі Тимур Шиниязов елге орасан еңбек сіңірген елдің біртуар азаматы Рахметолла Сүйіндікұлының туғанына 100 жыл толуына арналған елдіктің тойын өткізуде, ел азаматының еңбегін насихаттауда, ел тарихын зерделеп жақсылары мен жайсаңдарын іздеп, дәріптеп жүрген облыстық М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаевқа алғыс айтып, иығына шапан жапты. Өз кезегінде Асқар Қабдолұлы аудандық тарихи-өлкетану музейдің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова мен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукинаға өз атынан алғысхат пен кішігірім сыяпат ұсынды. Сонымен қатар Тимур Серікұлы облыстық ғылыми-практикалық конференцияда модератор болған Ахмедияр Батырханов пен спикер Алтынбек Әбділмановқа алғысхат пен естелік сыйлық берді. Сол сияқты Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұрша Бөкей ордасы ауданының әкімі Н.Даумовтың құттықтаухаты мен естелік сыйлығын табыстады.

100 жылдық мерейтой ақынның туған жерінде тойланды

Жәнібек өңірінде өнегелі ісімен із қалдырған белгілі коғам кайраткері, ақын Рахметолла Егізбаевтың 100 жылдық мерейтойы туған жері Борсы ауылына қарасты Тегісшіл елді мекенінде жалғасты. Шәрімбет сайының жағасында тігілген киіз үйлер мен құрылған сахнаның төрінде ән шырқалып, поэзия салтанат құрды. «Жырымен тербеткен туған елін» атты әдеби-сазды кеште аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов сөз алып, Р.Егізбаев туған өлкенің гүлденіп дамуына ерекше үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырған адам екенін, ол басқарған жылдары аймақта экономикалық өрлеу болып, жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмыстык ахуалы жақсарғанын айтып, тегісшілдіктерді мерейтоймен құттықтады.

387DEE1A-9384-4BC9-89A5-AA0278B4170D

Кеш барысында Мербол Ықсанов «Туған жер» әнін орындаса, «Аққайың» би ансамбілінің бишілері «Балауса» биін биледі. Ауыл жастары Р.Егізбаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыса, тегісшілдік жас ақын Дәурен Сәдиев ағынға арнауын арнады. Тегісшіл бөлімше кітапханасының кітапханашысы Мөлдір Құрмашева да ақынға арнаған туындысын тарту етті. Эльмира Мұратова «Қазақстан» әнімен кешті қорытындылады.

Жиылған жұртшылық «Азаматтан қалған асыл қазына» тақырыбындағы кітап көрмесімен танысып, Шәрімбет сайының жағасында ұлттық спорт ойындарынан жарыстарға қатысып, ақынға арнап дастархан жайылып, ас берілді.

Сонымен қатар 70 шақырымдық ұлы аламанға қатысушы атбегілер бас қосып, реттік нөмірлерін алды.

B09A10B8-2C9D-498A-A4F0-E09A740B6E62

Дүбірлі тойдың екінші күні дала қызықтарымен жалғасты

Дүбірлі тойдың екінші күні «Жайлау» этно ауылында жалғасты. Этно ауылда ұлттық өнер және қолөнер көрмесі, соның ішінде Т.Жароков атындағы орта мектебінің қыш өнері көрсетілсе, Жақсыбай ауылының тумасы Света Айтуғанова мен Қамысты ауылының тұрғыны Әлия Тұрдалиеваның өз қолдарынан шыққан құрақ көрпелері мен әшекей бұйымдары, бес саусағынан өнер тамған Елдос Сағадатовтың ағаш бұйымдары мен «Жайлау» ат спорты кешенінің ат әбзелдері назарға ұсынылды. Сонымен қатар көрмеде ақобалық Төрехан Нәсиевтің өз қолыннан шыққан жебелерін дүбірлі тойдың қонақтары көріп таңқалды. Өйткені аталған жебелерді облыстың 90 пайыз спортшысы жарыстарда қолданады екен.

Атшабар алаңында өткен дала қызықтары

Дүбірлі тойдың жалғасы атшабар алаңында өтті. Аудан әкімі Тимур Шиниязов құттықтау сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

EE27E805-AEC6-449A-A6B2-AC8926975F01

— Құрметті аудан қонақтары, қадірменді жерлестер! Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап төл құндылықтарымызды насихаттау арқылы ұлттық сананы жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындап алды. Соның арқасында халқымыз ұмыт бола бастаған тілімен, өзіндік мәдениетімен, салт-дәстүрімен қайта қауышты. Осыған орай жерлес ағамыз, мемлекет және қоғам қайраткері Рахметтолла Сүйіндікұлы Егізбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ауданымызда өткізіліп жатқан шаралар дала қызықтарымен жалғасын табуда. Халқымыздың салт-дәстүрлерін, рухани құндылықтарын насихаттап, оларды кеңінен тарату мақсатында ауданымызда өткізіліп жатқан бұл дүбірлі додаға облыс аумағынан көптеген спортшы қатысып, спорттық ойындар мен сайыстарда өз өнерлерін көрсетіп, кәсіби шеберліктерін шындайтын болады. Жарысқа қатысушы барша спортшыға зор сәттіліктер тілей отырып, асқан шеберлік, жақсы өнер көрсеткен спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көрінсін демекпін! - деді аудан басшысы.

Аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналғандардың көңілін бір серпілтті.

Аудан орталығы мен ауданға қарасты 9 ауылдық округтің киіз үйлері тігіліп, келген қонақтарға ұлттық астан дәм ұсынылып, төрден ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдары табылды.

D5A4D385-BBB2-4B33-853E-7790D6859C07

Ұлы аламанның жеңімпазы – Ақтөбе қаласы

Тегісшіл елді мекенінен басталып, Жәнібек ауылында аяқталған 70 шақырымдық ұлы аламанға 42 шабандоз тіркеліп, мәреге мықтысы жетті. 2 сағат 30 минутта 70 шақырымды артта қалдырып, мәреге кезек-кезегімен шабандоздар жетті. Нәтижесінде Ақтөбе қаласының тұрғыны Алмас Қошпантаев «Ақбоз» атымен мәреге алғаш жетіп, 1 млн теңгені қанжығасына байлады. Екінші болып Ақтөбе қаласынан Дастан Саймағанбетов келді. Үшінші орынды ақтөбелік Жәнібек Айдаралыұлы алды. Сонымен қатар төртінші және бесінші орындарды ақтөбелік Айбек Нақбаев пен казталовтық Ғайса Жұмағалиев қанжығаларына байлады.

Тай, құнан, топ бәйгеден жарыстар өтті

Дала төсінде тай жарысы өтіп, 25 жүйрік ат сынға түсті. Мәреге алғаш боп Жаңақала ауданының Ишановтар әулеті жетті. Екінші орыннан Бәйтерек ауданының тумасы Әли Ағланбаев көрінсе, үшінші орынды Бөкей ордасы ауданының тұрғыны Өтеғали Қайрушев алды.

Құнан жарысқа 15 шабандоз қатысып, нәтижесінде Ақжайық ауданы Тайпақ ауылының шабандозы Ержігіт Жайықбай мәреге алғаш боп жетті. Екінші орынды Сырым ауданынан келген Абзал Өтеген алса, үшінші орыннан Казталов ауданынан келген Бахтияр Айболатұлы алды.

Топ бәйгеде 18 шабандоз 15 шақырымға шапты. Мәре сызығын бірінші болып Казталов ауданы Көктерек аулының тумасы Теңізбай Боранбаев кесті. Екінші болып Тайпақ ауылының тумасы Маралбек Аманғалиев келді. Үшінші орыннан бәйтеректік Берік Есенғалиев көрінді.

139CEA35-ADC0-4C51-9D82-85CE69607629

Ұлттық спорт ойындарынан жарысты

«Жайлау» этно ауылында ұлттық спорт түрлері садақ ату, аударыспақ, арқан тартыстан жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар анықталды.

Садақ атудан жүлделі бірінші орынды қаратөбелік Ерасыл Мұрат алса, екінші орынды қамыстылық Сейфолла Сикенов қанжығасына байлады. Үшінші орыннан Ақоба ауылының тумасы Мөлдір Жолдасова көрінді. Аударыспақ ұлттық ойынның жеңімпазы Бекарыс Бейбітұлы болды. Екінші орынды Асуан Құсайынов және үшінші орынды Алдияр Айдынғали өзара бөлісті.

Ауыл тұрғындары, соның ішінде ауылдың азаматтары командаларға бөлініп, арқан тартып, жарысты. Қызықты додада жүлделі бірінші орынды Бисен ауылының командасы иеленді. Екінші орынды Жәнібек ауылының комансы алды. Үшінші орын Ақоба ауылының командасына бұйырды. 

Түйе палуан – Алмас Батырхайыров

Төйтөбе басында қазақтың ұлттық спорты қазақ күресінен жарыс өтіп, кіл мықтылар белдесті.

Нәтижесінде 80 келіге дейін «Өгіз палуан» атағын Бақытжан Амангелді (Казталов ауданы Ақпәтер ауылы) алды. Екінші орынды Саят Нұрсұлтан (Жәнібек ауданы) еншілесе, үшінші орынды Ерсұлтан Сатыбалдиев (Казталов ауданы Ақпәтер ауылы) қанжығасына байлады.

80 келіден жоғары, абсолют салмақ дәрежесімен Алмас Батырхайыров (Жәнібек ауданы) «Түйе палуан» атанды. Жанайдар Меңдешев (Казталов ауданы Көктерек ауылы) екінші орыннан көрінсе, Серік Самодиянов (Жәнібек) үшінші орынды қанжығасына байлады.

Гүлзара Мәди

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале