21.10.2023, 15:46
Оқылды: 108

Жәнібекте Республика күніне орай концерт өтті

Жәнібек аудандық саз мектебінде Республика күніне орай "Республикам байтағым" деген атаумен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

IMG_20231021_144811_654

Ерекше кешке ауыл ақсақалдары мен белгілі композитор Уахит Сариевтың жұбайы Клара Сисенқызы арнайы қатысты. Концерт шымылдығын ашқан "Ардагерлер ұйымы" РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев ізгі тілегін білдірді.

IMG_20231021_144757_935

- Республика күні біз үшін айтулы күн. Қазақ халқы қаншама зобалаң кезеңдерді бастан өткерді. Ата-бабаларымыз ел үшін жанын да пида етті. Қан мен тердің арқасында келген қасиетті тәуелсіздікті қастерлеуіміз керек. Бүгінде еліміз өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды,- деді өз сөзінде.

IMG_20231021_144816_329

Ардагердің сөзінен кейін сахна төріне шыққан эстрадалық-вокал класының оқушылары "Мерекелеріңізбен" әнін шырқап, көрермендерге ғажап көңіл күй сыйлады. Нұрғиса Тілендиевтің "Көш керуен" күйін орындаған ансамбль де көптің ыстық ықыласына бөленді. Домбыра класының оқытушысы Есім Тұяқбаев қазақтың киелі аспабымен жанды дауыста "Туған жер" термесін орындады. Саз мектебінің ұсынған өнері одан сайын өзгеше бағытта өрбіп, фортепиано класының оқытушысы Ербол Ақылбеков "Өзен" шығармасын тебіреніспен жеткізді. Бүлдіршін оқушылар "Алатау" әнін асқақтата орындап, балдай дауыстарымен көңіл серпілтті. Самал Әнуар мен Әмір Сағидуллин "Елтаңбасы елімнің" әнін баянның сүймелдеуімен айтып, мерекелік кештің маңызын айшықтады. Өнерлі орданың оқушылары өз дарындарын ортаға салып, ұстаздарымен бір сахнада өнер көрсетті. Бақандай жиырмадан астам оқушы мектептің аядай сахнасына тізіліп тұрып, "Егемен елім – Қазақстанды" елге деген кең жүректерімен айтты. Концерт Аслан Боранбаевтың орындауында "Республикам байтағым" әнімен мәресіне жетті. Аудандық саз мектебінің директоры Жақсылық Бисенғалиев кешке қатысқан қонақтарға һәм қызметкерлерге мерекелік алғысхат пен сыйлық табыстады. Әрмен қарай, Республика күніне арналған дастарқан жайылып, ақсақалдар Қазақстанның кешегі қиындығы мен бүгінгі ажарлы келбеті туралы сөз қозғады.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале