Жәнібекте Ардагерлер үйінде соңғы кезде көптеп кездесіп жүрген тұрмыстық зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын дамыту, әйел адамдарға өз құқығы туралы түсінік қалыптастыру сынды өзекті тақырыпта жиын өтті.
Кездесуге облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, БҚО халқы ассамблеясы «Аналар кеңесінің» мүшесі Анаргүл Дәулетова, «Ақотау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Исқалиева, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудандық «Ардагерлер ұйымы», «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері мен бірқатар сала қызметкері қатысты.
Сөз алған Жақсылық Каримоллаұлы «қош келдіңіз» айтып, келген қонақтарға сөз кезегін берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқы Ассамблеясы XXXIII сессиясындағы Жолдауында: «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек», - деген болатын.
Бұл, әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуміз қажет. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек ортақ іске бүкіл ел болып жұмылып, жұмыстанғанымыз жөн. Ұлттың дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығымыз атсалысуымыз керек, - деді Анаргүл Сатуқызы.
Әрмен қарай Гүлжанар Болатқызы сөз алып, отбасында болып жатқан оқиғаларға бейжай қарауға болмайтынын, өйткені отбасында мейірім мен махаббатқа бөленіп өскен ұл мен қыз ертеңгі күні мемлекетіне де адал қызмет атқаратындығына тоқталды.
«Құрметті қауым, бардың берекесін кетіретін ысырапшылдық, шаңырақты шайқалтатын тұрмыстық зорлық-зомбылық, адамзаттық құндылықтардың жауы – вандализм, нашақорлық, құмарпаздық, қоғам осылардан зардап шегуде. Бірлесіп көтерген жүк жеңіл дегендей, осылармен сіз бен біз болып күресу – азаматтық борышымыз, - деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары.
Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Жанболат Мұқашев Қазақстан Республикасы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 108-бабына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың Жәнібек ауданы бойынша төрт түрі анықталғандығын айтып өтті.
Күш көрсету – денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту сынды факторлар тіркелген болатын.
Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 73-бабына сәйкес ескерту жасау не үш тәулiктен он тәулікке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалса, он тәулiкке дейiнгі мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алу немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуды көздейді. Жалпы, ауданымызда бұл жағдайлар бойынша көрсеткіштің төмен екендігі қуантарлық жағдай дегім келеді, - деді Жанболат Абайұлы.
Жиын барысында қатысушылар да өз ойларын жеткізді.
Бану Самат
Жәнібек ауданы