Жәнібек аудандық «Жайлау» ат спорты кешенінде аударыспақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері болған Жәнібек Бисекешовты еске алуға арналған 2008-2010 және 2011-2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында аударыспақтан ашық облыстық турнир өтуде.

Жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Тахир Кадимов сөз алып, марқұмның туыстарына жылы лебізін айтып, жас болса да ұлттық спорт тарихында атын қалдырып кеткен Жәнібек Мұсаұлының есімін спортсүйер қауым мақтанышпен еске алатындығын жеткізді.

Жәнібек ауданында ұлттық ат спортының негізін қалап кеткен шабандоз, көкпаршыны тәрбиелеген ата-анасы мен бауырлары да шараның басынан табылды. Сөз кезегін алған спортшының әкесі Мұса Мұратұлы ұлын тебірене еске алып, атын ұмыт қалдырмай, шараны өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жарысқа қатысушы жасөспірімдерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде марқұмның ата-анасына балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сырым Байсов, құрмет көрсетіп шапан жауып, кәдесыйын берді.

Жәнібек Мұсаұлы Бисекешов 1990 жылы Қаратөбе ауданы Ақтай-сай ауылында дүниеге келген. Жастайынан ат спортына қызығып өскен ол 2006-2010 жылдар аралығында Орал гуманитарлық-техникалық колледжін «Дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын 2008 жылы Жәнібек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ат спорты жаттырықтырушысы болып бастайды. 2012-2015 жылдар аралығында Батыс Қазақстан инженерлік гуманитарлық институтты аяқтайды. 2010 жылы Батыс Қазақстан облыстық көкпар чемпионатында 1 орын, 2010 жылғы облыстық «Жыл үздігі» байқауының «Үздік жас спортшы»,«Жыл спортшысы-2012» аталымдарының иегері, 2013 жылы Наби Мамытов атындағы республикалық турнирдің қола жүлдегері болды. БҚО дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының алғысхатымен марапатталған. 2015 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Жәнібек аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс жасаған.
Жәнібек ауданындағы алғаш аударыспақ, көкпар спорттарының жаттықтырушысы болып көптеген шәкірт тәрбиелеп үлкен жетістікерге жеткізген.

Айтқандай, бүгінгі жарыста «Орал» спорт клубы, Қаратөбе, Сырым, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары мен оған қарасты Тау, Ақоба, Ұзынкөл ауылдарынан келген спортшылар бақтарын сынауда.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы