9.05.2024, 18:00
Оқылды: 48

Жәнібекте Ұлы Жеңіс күні тойланды

Биыл Ұлы Жеңіс таңының атқанына 79 жыл толды. Біз бейбіт аспанның аясында осынша жыл өмір сүрсек те, сол бір сұрапыл соғыс салған жара жүректерде әлі күнге сыздайды. Өйткені мың, миллиондаған аталарымыз ағаларымыз, әжелеріміз бен әпкелеріміз майдан даласында жарқын болашақ үшін шейіт болды.

IMG-20240509-WA0060

Ал аналарымыз бен әжелеріміз соғыс даласынан хабар күтіп, сағыныштан сарғайған өмірлерін өткізді. Сол жылдарда дүниеге келген балалар ағаның, әкенің жүзін көрмей, балалықтың бал дәуренін кешпей өтті. Сол кездегі халықтың жанкешті ерлігі мен тылдағы адамдық келбетін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың парызы. Аудан орталығындағы Батырлар аллеясында Жеңіс күніне арналған салтанатты шарада Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов сөз сөйлеп жиналған барша қауымды мерекемен құттықтады.

IMG-20240509-WA0061

Сонан кейін Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне Тимур Серікұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, Кеңес Одағының Батыры Ерденбек Ниетқалиевтің ескерткішіне аудандық соттың төрағасы Ержан Әліпқалиев пен аудан прокуроры Сәкен Молдашев, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованның ескерткішіне «Аманат» партиясы Жәнібек аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Айшуақ Сейітқазиев, Кеңес Одағының Батыры Николай Чуриковтың ескерткішіне Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы Ерғали Аймырзаев пен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Райымбек Орынғалиев, «Қаһарман аудан» ескерткіш-белгісіне облыстық мәслихаттың депутаты Есқайыр Елемесов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Қадимов, сондай-ақ ауылдың батыс және бергі бетіндегі Бауырластар зиратына Жәнібек ауылдық округінің әкімі Абзал Қаратаев пен қоғамдық медиатор Ерсайын Құбашев, аудандық өрт сөндіру бөлімінің бастығы Жақсылық Есентаев пен ауған соғысының ардагері Қазбек Әбдірешев гүл шоқтарын қойды.

Асқар Құсайын,

Жәнібек ауданы 

#Жеңімпаздартарихы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале