Бүгін аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада Жәнібек ауданының бір топ азаматы түрлі сипаттағы алғысхаттарға ие болды.
Соның ішінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіровтың алғысхатымен Талов ауылдық округінің әкімі Асқар Сәрсенғалиев пен Жұмаев бастауыш мектебінің меңгерушісі Рәзия Сариева марапатталса, БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Жоламановтың алғысхатына Ө.Сахипов атындағы орта мектебі директорының орынбасары Нұрлыбек Темірғалиев ие болды.
Сонымен қатар адам өміріне кауіп төніп тұрған кезде жедел көмекке келетін ерлік иелеріне, яғни аудандық №21 өрт сөндіру бекетінің қызметкері Тұрарбек Өтенғалиев пен Жәнібек ауылының тұрғыны Талант Сұпығалиевке аудан әкімінің алғысхаты берілді.
Биыл 1 тамызда ауданымызда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, мал шығыны зардабын болдырмау және алдын алу мақсатында облыстық бюджет резервінен ауданымызға 1 млрд 256 млн теңге бөлініп, шөп, жем тасымалы ұйымдастырылды. Күні бүгінге 9 ауылдық округке барлығы 78 техника жұмылдырылып, 35 мың орамашөп, 1,1 мың тонна жем жеткізілді. Аталған жұмыстардың басы-қасында жүрген азаматтарға алғысхаттар табыс етілді. Дәлірек айтсақ, гуманитарлық көмекті әкелуді ұйымдастырып (тегін жем), тараткан «EcoClub» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Бауыржан Сабанов, Ақоба ауылының тұрғындары Қоблан Балталин, Равиль Қалмияров, Мақсат Байтұрсын, Ұзынкөл ауылының тұрғындары Жандарбек Дюсемалиев, Нұрберген Ибраемов, Күйгенкөл ауылының тұрғыны Бақытжан Қажығалиев, таловтық Евгений Досқалиев пен Ерлан Айтжанов, жақсыбайлық Мирболат Сағынғалиев, жәнібектік Мағауия Ғаббасов пен Дәулет Ибатов, борсылық Әскербек Баштанов пен Теміржан Қабылнасиров, таулық Дәулет Дәукенов пен Еркебұлан Томпишев алды.
Сол сияқты өз қызметтерін мінсіз атқарған мемлекеттік қызметшілер, яғни Жәнібек ауданы әкімі аппаратының бас маманы Алихан Қайырғалиев, Жәнібек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Сәуле Жақсығұлова мен Арман Қазбеков алғысхатқа ие болды.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы
Фото авторы: Қ.Қамит