15.06.2021, 15:31
Оқылды: 49

Жәнібекте «WorldSkills» аймақтық сайысы өтуде

Бүгін Жәнібек ауданының орталығындағы М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде «WorldSkills» аймақтық сайыстың ашылу салтанаты өтті. Іріктеу нәтижелері бойынша биыл бұл жобаның тиісті құзыреттілігіне сай аймақтық кезеңі ауданда өтуі белгіленген. Осыған орай облыстың бірқатар колледж командалары қатысуда. Атап айтсақ, Ақжайық аграрлық-техникалық, Бөкей ордасы, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар, Сырым, Тасқала және М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледждерінің командалары бақ сынауда.

ж3

- Құрметті қонақтар, колледжге қош келдіңіздер! Даму индустриясының 4.0 мақсатына сәйкес, әлеуметтік бағдарлауды, сондай-ақ «Жас маман» жобасында айқындалған міндеттерді ескере отырып, бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің алдына кадрларды даярлаудың барлық жүйесін одан әрі трансформациялау міндетінің қойылғаны белгілі. Осыған байланысты елімізде техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа үлгісі қалыптасуда. Бұл тұрғыда «WorldSkills» халықаралық коммерциялық емес қозғалыстың мақсаты жұмысшы кәсіптің беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту болып табылады. Биыл аймақтық кезең біздің колледжде өтіп жатқаны қуантады. Бұл шешімді қабылдауға ұжымның үйлесімді және тынымсыз еңбегі, көптеген параметрлер бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізгені, сондай-ақ колледждің «Жас маман» жобасының қатысушысы болып табылатындығы негіз болды деп санаймын. Қатысушы командаларға алғыс білдіре отырып, барлық кәсіби біліктіліктеріңізді көрсетуді тілеймін, - деді алғысөзінде М.Ықсанов атындағы колледждің директоры Берік Ықсанов.

Одан соң құттықтау сөз білім беруді дамыту орталығы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері Ләззат Бірекееваға берілді.

ж4

- Бүгін, өздеріңізге белгілі Жәнібек колледжінде «Ауыл шаруашылығы» құзыреттілігі бойынша чемпионат өткізілуде. Батыс Қазақстан облысындағы кәсіптік білім беру ұйымдары туралы айта кетер болсам, 35 колледжде 71 мамандық пен 135 біліктілік бойынша 17 мыңнан астам студент білім алуда. WSI қозғалысы Ассоциациясы өз бастауын XX ғасырдың орта кезеңінде, яғни 1946 жылы алған болатын. Қазіргі таңда ол дүниежүзі бойынша 75 мемлекеттің қатысуын қамтиды. Қазақстанда алғаш рет 2014 жылы өткізілді. Ал Батыс Қазақстан облысында WSI қозғалысының WorldSkillsOral облыстық чемпионаты 2015 жылы 3 құзыреттілік «Аспаз ісі», «Тас қалау ісі», «Шаштараз ісі» бойынша өткізілсе, биыл аймақтық чемпионат 32 құзыреттілік бойынша өтуде. Оған 189 студент пен 210 сарапшы қатысуда. Додаға қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді Ләззат Рахметқызы.

Ж1

Аймақтық сайыс екі тапсырмадан тұрады. Әр тапсырмаға 3 сағат беріледі. Істелген жұмыстарды арнайы сарапшылар қабылдап, облысқа жібереді. Сайыс нәтижесі 32 құзыреттілік бойынша жұмыстар жинақталып қаралғаннан кейін белгілі болады.

 

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале