Бүгін «Жәнібек» спорт клубында жерлес, геология саласында зор еңбегі сіңген, қазіргі таңда өкінішке орай өмірден еткен Қабыл Құлшаровты еске алуға арналған ерлер арасында волейболдан аудандық турнирі өтуде.
Жерлес ағаның саналы ғұмыры мен еңбегін үлгі ете отырып, ауданымыздағы спортшылардың ойын шеберліктерін шыңдау мақсатында өтіп жатқан турнирге Ақоба, Ұзынкөл, Тау, Қамысты ауылдары, Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылы, шекара бөлімі, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі мен «Хамза» командалары қатысуда. Ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік Гимні орындалып, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов спортшыларға сәттілік тілеп, жақсы ойын өрнегін көрсетуге тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар Қ.Құлшаровтың туған інісі, Жәнібек ауданының құрметті азаматы Мәлік Құлшар да өзінің ақжарма тілегін арнады. Ауданымызда жарыс алғаш рет өтуде. Бұдан бұрын бұндай жарыстар Алматы, Орал қалаларында өтіп жүрді. Сондай-ақ Қ.Иманқұлұлының інісі Асқар Құлшаров пен досы Қосжан Айталиев та турнир төрінен көрінді.
Айта кетейік, Қабыл Иманқұлұлы Құлшаров 1959 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1966 жылы Жәнібек ауданы Бисен ауылындағы Б.Жәнекешев атындағы орта мектебінің табалдырығын аттаған. 1976 жылы Жәнібек ауылындағы Т.Жароков атындағы орта мектепті үздік бітіріп, 1976-1981 жылдар аралығында Алматы Қазақ политехникалық институтының геология факультетінде оқыған. 1981-1991 жылдар аралығында Алматы облысы Іле ауданы Жетіген кентіндегі «Оңтүстік казгеология» басқармасында қызмет жасайды. 1991-2012 жылдар аралығында шет елдермен бірлескен кәсіпорындарда бас геолог қызметін атқарып, Түркия, Иран елдерінде геологиялық зерттеулерге қатысқан. 2012 жылы Африканың Танзания елінде геологиялық зерттеулер сапарында дүниеден өтеді. Бар ғұмырын ғылымға арнаған ағамыздың біздің қоғамға берері әлі де мол еді. Бүгінгі еске алу турнирі аға есімі ұрпақ жадында болатынын дәлелдейді.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы