1.10.2023, 21:40
Оқылды: 29

Жәнібектегі мектептен тыс жұмыстар орталығы бас жүлдеге ие болды

Кеше «Балдәурен» балалар жазғы лагерінде білім қызметкерлері арасында «Еуропа-Азия» туристік фестивалі өтті. Аталған жарыстың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, педагогтардың туристік және кәсіптік шеберліктерін шыңдау, білім қызметкерлері арасында туристік-өлкетану қызметі бойынша озық тәжірибе жинақтау және тәжірибе алмасу.

FB_IMG_1696165411152

Жарысқа №1 мектеп-лицейі, А.Оразбаева атындағы негізгі мектеп, Т.Жароков, Х.Халиуллин, Ғ.Абдуллин атындағы орта мектептер, Ұзынкөл орта мектебі мен мектептен тыс жұмыстар орталығының командалары қатысып, өздерінің біліктіліктерін көрсетті.

Ашылу салтанатында сөз алған аудандық білім беру бөлімінің дене шынықтыру және алғашқы әскери технологиялық дайындық пәндерінің әдіскері Маркс Нұфтағалиев барша ұстаздарды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі. Сонымен қатар балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Асқар Есекеев бағын сынай келген командаларға «қош келдіңіз» айтты. Жарысқа қатысушылар «Техникалық», «Фрироут» қашықтығы, «Түнгі кросс техникасы» және «Туристік тұрмыс және дағды» аталымдары бойынша сынға түсті.

Жарыс қорытындысында «Техникалық» қашықтықта 1, 2, 3-орындарды сәйкесінше Т.Жароков атындағы мектеп, мектептен тыс жұмыстар орталығы және Ұзынкөл атындағы орта мектебі иемденсе, ал «Түнгі кросс техникасы» аталымы бойынша Ғ.Абдуллин атындағы орта мектебі 1-орын, А.Оразбаева атындағы негізгі мектебі 2-орын және №1 мектеп-лицейі 3-орынға табан тіреді. Сонымен қатар «Туристік тұрмыс және дағды» байқауында мектептен тыс жұмыстар орталығы - I, №1 мектеп-лицейі - II, Ғ.Абдуллин атындағы орта мектебі - III орын алды. «Фрироут» қашықтығы бойынша (әйелдер арасында) үштіктер қатарынан Галина Душпанова (мектептен тыс жұмыстар орталығы), Гүлжанар Рамазанова (А.Оразбаева атындағы негізгі мектеп), Айгүл Есмухамбетова (№1 мектеп-лицейі) көрінді. «Фрироут» қашықтығы бойынша (ерлер арасында) Ернар Исмаилов (№1 мектеп-лицейі) жеңіс тұғырынан көрінсе, Заманбек Мәліков (Ұзынкөл ЖББОМ) , Исламбек Дүйсекешов (Ұзынкөл ЖББОМ) екінші, үшінші орындарды қанжығалады. Жалпыкомандалық есепте мектептен тыс жұмыстар орталығы бас жүлдені иемденсе, А.Оразбаева атындағы негізгі мектебі мен Ғ.Абдуллин атындағы орта мектебіне 2,3-орындар бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, медаль және алғысхаттар табыс етілді.

Лаура Халина,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале