30.06.2025, 10:00
Оқылды: 229

Жәнібектегі саябақта қазылған арықтарға су жіберілді 

2022 жылы Жәнібек ауылында 1982 жылғы мектеп түлектерінің бастамасымен және кәсіпкер Сұлтан Неталиевтің демеушілігімен «Түлектер» саябағы бой көтерген болатын. Содан бері бұл саябақта жыл сайын ағаш отырғызылып, сенбіліктер ұйымдастырылып келеді.

image-29-06-25-11-16

Биыл да игі дәстүр жалғасын тауып, Сұлтан Дүйсенғалиұлының қолдауымен 300-ге жуық терек отырғызылды. Сонымен қатар көктем мен күз мезгілдерінде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тағы 400 түп ағаш егілді.

Саябаққа келушілерге күннен көлеңке, желден қалқан болатын, таза ауамен тыныстауға мүмкіндік беретін тал-теректердің жайқалып өсуі үшін суару мәселесін шешу басты міндеттердің бірі болды. Бұған дейін республикалық жолдың арғы бетінде орналасқан бассейндерге келіп жатқан техникалық суды пайдалану жоспары қолға алынғанымен белгілі себептермен аяқсыз қалған еді.

image-29-06-25-11-16-1

Биыл бұл жұмыс ауыл әкімдігінің бастамасымен қайта жанданып, Сұлтан Неталиевтің 4,4 млн теңге көлеміндегі қаржылай қолдауының арқасында жүзеге асырыла бастады.

Бүгінгі күні саябақтың ішінде қазылған, жалпы ұзындығы 900 метр болатын арыққа су жіберілді. Бұл – көгалдандыру жұмыстарын қарқынды жүргізіп, саябақты нағыз жасыл желекке айналдыру жолындағы үлкен қадам.

Ауыл тұрғындарының таңғы серуенге, кешкі сейілге шығатын сүйікті орнына айналған саябақта енді жасанды суару жүйесі іске қосылды. Аудан әкімі Тимур Шиниязов арнайы келіп, жасанды арықты өз көзімен көріп қайтты.

image-29-06-25-11-16-4

– Осыған дейін қазылған төрт құдықты резервуар ретінде пайдаланып отырмыз, – дейді Жәнібек ауылының әкімі Ғибрат Айтқалиев. Аталған құдықтарға су жиналып, ары қарай насос арқылы ағаштар суарылатын болады.

 

Арай Сейфолла, 

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале