Күні кеше облыс орталығындағы жастар сарайында жұмысшы мамандықтар жылына орай дәстүрлі республикалық «Еңбек жолы – 2025» конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталып, салтанатты түрде марапатталды.

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамасымен еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында өткізіліп келе жатқан бұл конкурс еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған.
«Еңбек Жолы» конкурсының облыстық кезеңіне аудан атынан «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» аталымдары бойынша 2 үміткер қатысқан болатын.

Конкурстық комиссия отырысының шешімімен Жәнібек ауданы атынан қатысқан Қоблан Метекесов «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды.

Ал «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша аталған конкурсқа қатысқан Нұржан Матаев арнайы алғысхатпен марапатталды.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысушыларды құттықтап, еңбектің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды.
Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы