Көршілес Ресей Федерациясының Волгоград облысы Николаев ауылына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған бокс додасында жәнібектік жас боксшылар топ жарды.
2008-2013 жылдар арасында туған жасөспірімдер арасында өткен тартысты додада жәнібектіктер жеңіс тұғырынан көрініп, «Үздік боксшы» аталымын Айбар Жайсаңғали жеңіп алды. Аудан намысын қорғауға аттанған 5 жас боксшының бәрі финалға жолдама алып, нәтижесінде 2012-2013 жылы туған балалар арасында 28 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Хамит Мерейхан, 30 келі салмақ дәрежесінде Бекназ Хамидолла, 34 келі салмақ дәрежесінде Айбар Жайсаңғали І орынды қанжығаға байласа, 2008-2009 жылы туған жасөспірімдерден 44 келі салмақ дәрежесінде Эльдар Сағынғали І орын, 50 келі салмақ дәрежесінде Қайсар Хамит ІІ орынмен сүйіншіледі.
Жетекшісі Нұрбек Орынбаевтың еңбегін айтпайкетуге әсте болмайды. Ол өз шәкірттерінің үмітті ақтағанын, қазақ абыройын көрші елде асқақтатқанын мақтанышпен жеткізді.
Әлібек Қаржау
Жәнібек ауданы