Кеше Жәнібек аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада 2024 жылдың спорт үздіктері анықталды. Аударыспақтан облыстық, қалалық турнирлер мен чемпионаттарда жоғары жетістіктерімен қуантып, аудан мерейін көтеріп жүрген жас спортшы Бақтығали Рамазан «Жыл спортшысы» аталымына ие болды.
Үстел теннисінен Жәнібек ауданының аға жаттықтырушысы, ардагер спортшы, бірнеше дүркін облыс чемпионы Айдос Нұрбаев «Жыл жаттықтырушысы», бокстан республикалық турнирде жүлделі 1-орын алып, «Спорт шеберіне үміткер» атағын алған Азизхан Қадыр «Үміт артар спортшы» аталымымен марапатталды.
Сонымен қатар Ақоба ауылдық округі «Бұкаралық спортты дамытудағы үздік ауыл» аталымына ие болды. Сол сияқты аудандық ұлттық ат спорты федерациясы «Үздік федерация» аталымын иеленді. 2002 жылдан бері жыл сайын облыста, ауданда өткізілетін мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы дәстүрлі дойбы, асық ату, қол күресі, гір тасын көтеру, найза лақтыру және женіл атлетика сынды спорттық шараларға қатысушы Жұмаш Томпишев «Рухы қайсар жан» аталымының иегері атанды.
Сондай-ақ аудан орталығындағы №1 мектеп-лицей ұжымы «Үздік спорттық ұжым» атанды. Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Арсен Кенжәлиев «Ұлттық спортты насихаттаушы» деп танылды. Одан бөлек Қазакстан Республикасының 1-разрядты спортшысы, футзалдан оқушылар арасында Жәнібек ауданы құрама командасының капитаны
Есімжан Есімғали «Жыл серпілісі» болды. Азимовтар отбасы «Спортшылар отбасы» аталымының иегері атанды. «Жылдың үздік командасы» болып шағын футболдан 2011-2012 жылы туған оқушылар командасы деп танылды. «Үздік спорттық жоба» – «Supernovas» жобасы.
Сондай-ақ «Ардагер спортшы» аталымымен Максим Сүндетов марапатталса, «Үздік спорт тілшісі» аталымына Гүлзара Төреғалиева ие болды.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы
Фотоға түсірген: Қ.Қамит