4.02.2021, 19:40
Оқылды: 76

Жәнібектіктерден әлеуметтік желі арқылы түскен сауалдар да аз емес

Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің онлайн-трансляция арқылы халықпен есептік кездесуі өтті. Онлайн-трансляцияға облыс орталығынан Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

146137805_2239907736145229_6350996989678980133_o

Жыл сайынғы есептік кездесу биыл пандемияға байланысты өзгеше форматта өтті. Тұрғындар сауалы мен ұсыныс-пікірлері әлеуметтік желілер мен электрондық пошта арқылы жолданды.

Мәселен, Жәмиға Мұханбетова: «Нан бағасы салмағына сәйкес келмейді. Дүкен сөрелеріндегі тауарлардың бағасы көрсетілмеген. Тауар салмағын өлшейтін таразылар тексерістен өтпеген. Ал жұмыс уақыты сақталмаған. Осы мәселелерді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қадағалауға алса деген ұсынысым бар», - дейді.

Ержан есімді ауыл тұрғыны «Жәнібек» шекара өткізу бекетінің жағдайы Ресеймен салыстыруға келмейтіндігін тілге тиек етіп, аталмыш бекетті жөндеуден өткізу мәселесін көтерді.

Сауал жолдаушының бірі, ауыл тұрғыны Біржан Қадешов Жәнібек ауылының солтүстігінен жер алып, үй салып алған. Қазіргі таңда аталмыш жерде мекен етуде. Оның қойған сауалы – жол мен тротуар салу. Себебі тұрғындардың көбі дерлік үйлерін сала алмай, әбігерге түсуде. Ал балалардың мектепке және балабақшаға бару қиынға соғып отыр.

Аудандық «Қазпошта» байланыс торабының банкоматтарын ауыстыру турасында Гүлнар есімді әлеуметтік желі пайдаланушысы сауал қойды.

Ауыл тұрғыны Мирас Қадеров Борсы ауылына су каналы жеткізу, киіктер мәселесі көтерсе, Асылбек Қуанышқалиев шаруа қожалығын ашу, жер телімі жөнінде сауалын жолдады.

Ал Жәнібек ауданының тумасы Нұртай Текебаев болса, Ақоба ауылына кіре беріс 23 шақырымдық жол салу мәселесін көтерді.

Сонымен қатар бұралқы иттердің көбейгендігі, техникалық қызметкерлер жалақысының аздығы, аудандық музейге жаңа ғимараттың қажеттілігі сынды сауалдар да назардан тыс қалмады.

Айта кету керек, әлеуметтік желі қолданушылар тарапынан жолданған сауалдардың дені жол жөндеу мәселесіне қатысты болды.

146036442_2239907709478565_7631873688710708773_o

БҚО әкімі Ғали Нәжімеденұлы онлайн форматта өткен кездесудің маңызы мен ерекшелігіне тоқталып, Жәнібек ауданы бойынша нақты атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Сонымен қатар, былтырғы есептік кездесуде қойылған сауалдар мен ұсыныстардың орындалғандығын және алдағы уақытта олардың іске асырылатындығын тілге тиек етіп, онлайн-трансляцияны, яғни есептік кездесуді қорытындылады.

Г.Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале