Жуырда Алматы қаласындағы «Тілеу-Қабақ» әлеуметтік бастамалар және қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ақын, қоғам жанашыры Сансызбай Құттықбайұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында республикалық «Шабыт өрені» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Осынау мүшәйраға жас ақын Меңдібек Нұрболатұлы жетекшілік ететін Тасқала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының «Жас әдебиетші» үйірмесінің мүшесі Орынбай Ақбота қатысып, бас жүлдеге ие болды.
Республиканың әр қиырынан 400-ден аса жас ақындар қатысқан додада жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрінді. Мүшәйраның алғашқы бөлімінде ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, соңғы бөлімде Ақботаның «Туған жер» тақырыбындағы өлеңі жоғары бағаға ие болды.
Осынау өлең-жырға ынтық шәкірттер іріктелген мүшәйраға Ғалым Жайлыбай, Алмат Исаділ, Бейбіт Сарыбай сынды танымал ақындар қазылық жасап, жерлесіміздің өнеріне оң бағасын берді. Аталған байқау Ақботаның алғашқы жеңісі емес, бұған дейін де бірнеше мәрте әдеби бағытта өткен байқаулардың жеңімпазы болған еді. Мүшәйра ережесіне сәйкес Ақботаға 200 000 теңге қаржылай сыйлық пен ақынның отбасы атынан ұялы телефон табыс етілді. Қ.Сәтбаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы жас ақынның жеңісіне қуана оырып, келешекте де талай белесті бағындырарына сеніміміз мол. Біз бүгін жүрегіне жыр - кептер қонақтаған Ақботаның өлең атты киелі құсты үркітіп алмай, алдыңғы буын ақын апа-ағалардың қатарынан көрінуін тілейміз. Жас талапкердің «Туған жер жайлы толғаныс» атты өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Өз тілшіміз
Туған жер жайлы толғаныс
Тоқтаусыз топырағында тұр құдірет,
Таратқан тектілік жыл, мың күн үдеп.
«Туған жер» десе біреу, тоқтай қалып,
Бүлк етер кеудедегі бір жұмыр ет.
Бүлк етсе бір жұмыр ет, бағың сенің,
Айтылар аяулы үнің, ағын шерің.
Өйткені туған жерде түп тамырың,
кіндігің, әлди үнің, жаның сенің.
Тарқайды бара қалсаң мұң, шерің кей,
Кеткенде тар көшеден, кеңседен күй.
Ескірмес естіліктер ең аяулы,
Ескіріп қалғанменен еңселі үй.
Үркітіп құс біткенді ұя көрген,
Шарықтап ой санаға қиял келген.
Тебісіп тай-құлындай асыр салып,
Әрі асып кетуші едік қия белден.
Самал жел, салқын ауа, ұйқың бөлек,
Ай торып, жұлдыз санап кей күні кеп.
Сүйінген тал-терегі жанға сая,
Сүрінген тасыда оның сүйкімдірек.
Самсайды сан сұрақтар санада кіл,
Бағынбай жүрегіңе қалады ақыл.
Бүлдірген теріп өскен бақыттылау,
Балалық бізден өтіп бара жатыр.
Түргенде уақытпен бір ел түндікті.
Қимайсың жер жаһанға жер кіндікті,
Ұшқан құс, жүгірген аң жете алмас,
Үйрендім иең даладан еркіндікті.
Бізге серт елге ие, жерге сенім,
Бақытты таңыңды бір көрген сенің.
Туған жер, сенің әрбір тау, тасыңды
Саф алтын, сан жауһарға бермес едім.
Түнерген тіршіліктен әрі аса алмай,
Тұрады жаратылыс таласа алмай,
Даладай дархан мінез, туған жерің.
Қалады әр жүректе аласармай.
Есті сөз айтылғанда ел ішінде,
Сол менің жемісім де, жеңісім де.
Қасиет, кие қонған, қазыналы -
Туған жер, сен қымбатсың мен үшін де!