6.08.2026, 18:00
Оқылды: 0

Жарты ғасыр жүгін көтерген желі жаңаруда

Тасқаладағы электр жүйесін жаңғырту - тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

фото 1

Жаздың аптап ыстығында жел көтерілсе, қыстың ақтүтек боранында ақ ұлпа қар сымдарға жабысып, ауылдардың жарығы сөніп қалатын күндер тұрғындарға таңсық емес еді. «Қай ауылда жарық өшіпті?» деген хабар бұрын қалыпты жағдайға айналған болатын. Оның да өзіндік себебі бар еді. Өйткені бүгінде жаңартылып жатқан Ақтау-Атамекен бағытындағы жоғары кернеулі электр желісі осыдан елу бес жыл бұрын, яғни, 1971 жылы тартылған болатын. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы талай дауыл мен боранды бастан өткерген желінің әбден тозуы заңдылық еді.

Енді, міне, сол ескі желі тарих қойнауына кетіп, оның орнына заманауи, сенімді электр жүйесі салынып жатыр. Бұл - аудан халқы көптен күткен жаңалықтардың бірі.

Аптаның бірінші күні аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин мен аудандық электр жүйесінің басшысы Бекжан Юсупов Ақтау-Атамекен бағытындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігерлердің атқарып жатқан еңбегін көрді.

фото

Қазіргі таңда ұзындығы 33,3 шақырым болатын 35 киловольттық СВ-164 әуе желісі толықтай қайта жаңартылуда. Бұрын 274 бағана болса, жаңа жобада олардың саны 341-ге жетті. Бағаналардың арақашықтығы бұрынғыдай 120-130 метр емес, 100 метрден орналастырылуда. Бұл - жай ғана сандық өзгеріс емес. Арақашықтықтың қысқаруы сымдардың салбырап қалуын азайтып, желдің екпіні мен көктайғақ кезінде үзіліс қаупін едәуір төмендетеді. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр.

Аудандық электр жүйесінің басшысы Бекжан Едресұлының айтуынша, жаңғырту жұмыстары тек магистральдық желілермен шектелмейді.

- Бүгінгі күнге 1 Шежін ауылында ауылішілік 0,4 киловольттық желідегі 56 электр бағанасы толық ауыстырылды. Қазір тек СИП кабельдерін тарту жұмыстары қалды. Өткен жылы дәл осындай жұмыстар Достық ауылында жүргізілген болатын, - дейді ол.

Бұл - ауданның электр шаруашылығын кезең-кезеңімен жаңарту бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстың бір бөлігі ғана.

Сапар барысында аудан әкімінің орынбасары Рауан Бисенғалиұлы электр желілерін жаңарту аудан басшылығының тұрақты бақылауындағы мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, биыл Ақтау және Атамекен ауылдарының ауылішілік электр желілерін қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар толық әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Қаржыландыру мәселесі шешілген жағдайда бұл жұмыстар да басталады.

Шын мәнінде, соңғы жылдары Тасқала ауданында электр жүйесін жаңғырту қарқыны айтарлықтай күшейді. Дәлірек айтсақ, 2024 жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Мерей ауылының электр желілері толық қайта жаңартылды. 124,3 миллион теңгеге жүзеге асқан жоба барысында 14,3 шақырым электр желісі тартылып, төрт трансформаторлық қосалқы станса ауыстырылды және 170 көше шамы орнатылды.

Сол жылы Тасқала ауылындағы жеті көшенің жарықтандыру жүйесі де жаңартылды. Құны 157,5 миллион теңге болатын жоба аясында 8,8 шақырым электр желісі, 297 бағана және 281 көше шамы жаңартылып, жұмыстар өткен жылы толық аяқталды.

Ал 2025 жылы Достық ауылындағы жеті шақырым электр желісі толық жаңартылып, барлық ағаш бағаналардың орнына темірбетон тіректер орнатылды. Заманауи көше жарығы іске қосылды. Мереке мен Оян ауылдарының тұрғындары да өз қаражаттары есебінен темірбетон бағаналар мен СИП кабельдерін сатып алып, ауылдың электр желілерін жаңартуға үлес қосты.

Жергілікті бастамалардың да нәтижесі көңіл қуантады. Амангелді ауылдық округінің әкімі Әсет Хайршаковтың бастамасымен округ бюджеті есебінен халық арасында «Бесауыл» аталып кеткен елді мекеннің екі көшесіне жаңа темірбетон бағаналар орнатылып, жаңа электр желісі тартылды. Бұл -жергілікті бюджеттің мүмкіндігін ел игілігіне тиімді пайдаланудың нақты көрінісі.

Ия, электр желісі - көзге көріне бермейтін, бірақ әр үйдің тіршілігін жалғап тұрған күретамыр. Оның жаңаруы - тек бағаналар мен сымдардың ауысуы ғана емес, бұл - балалардың жарықта сабақ оқуы, кәсіпкерлердің тұрақты еңбек етуі, ауыл тұрғындарының алаңсыз тұрмыс кешуі. Десекте, осы күретамырдың үзіліссіз қызмет етуіне күні-түні атсалысып, осы жұмыстардың басы қасында жүрген монтерлердің еңбегінің ерен екенін айта кеткен жөн. Азғантай еңбекақыға күн көріп отырса да, уақытпен санаспай өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып келеді.

Бүгінде Тасқала ауданында қолға алынған жұмыстардың бәрі де бір мақсатқа, яғни, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Жарты ғасырлық тарихы бар электр желілерінің жаңаруы - соның жарқын дәлелі.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале