31.01.2023, 12:30
Оқылды: 49

Жас балуандар жарады

Өткен сенбіде Бәйтерек ауданының Переметный ауылында спорттық және жауынгерлік самбо күресінен облыс чемпионатының жалауы желбіреді.

самбо (1)

2003-2006 жылдары туған ұл-қыздар арасындағы сайысқа 14 команда сапында 130 спортшы қатысты.

Аудан намысын 24 жас балуан қорғады. Самбо сайысының салтанатты ашылуында Бәйтерек ауданы әкімдігінің орынбасары Ерікқали Бисақаев сөз сөйледі. Ол самбо спорты адамды шыңдап, мінез-құлық қалыптастыратынын айтып өтті.

самбо (2)

Сонымен қатар самбо күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров, әлем чемпионы Серіков Нұрболды дайындаған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райбек Мендыгалиевке Бәйтерек ауданы атынан шапан жабылды.

Тартысты өткен белдесуде жас жерлестеріміз жақсы өнер көрсетті. Әсіресе, жастарымыз бабында екен. Мәселен, 53 келі салмақ дәрежесінде Нұрбол Тынышбаев, 79 келіде Ерасыл Сибатов үздік болды. Осы топта оралдық Темірлан Меңдіғалиев (58 келі, ОЖСШМ), Әлихан Әдиетов (64 келі, жекпе-жек спорт мектебі), сырымдық Диас Қуанышқалиев (71 келі), тасқалалық Дінмұмхамед Мәмбетов (88 келі) мықтылығымен дараланды.

самбо (3)

Ал қыздар арасында +80 келі салмақта жерлесіміз Айсұлу Сәрсенова топ жарды. Одан бөлек казталовтық Эленора Анарбек (47 келі), жәнібектік Айдана Өтебалиева (72 келі) алтын тақты. Жасөспірімдер арасында жерлесіміз Әлихан Сариев (98 келі) және Мәлика Муғадировамен (50 келі) ешкім теңесе алған жоқ.

Нұрсәуле Әбілпейісова

Фото авторы: Салим Мамбеталиев

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале