30.11.2023, 17:58
Оқылды: 27

«Жас дарын» XVIII облыстық байқауы өтті

Теректі аудандық мәдениет үйінде «Туған жер - алтын қазығым» атты «Жас дарын» XVIII облыстық байқауы өтті.

дарын +
Бұл шараны Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университеті өнерге жақын 10-11 сынып оқушылары және өнер колледждерін бітіруші түлектерді жоғары оқу орнына шақыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырып келеді.

дарын ++

Биылғы бейнелеу өнері, сәндік өнер, киім дизайны, мәдени тынығу жұмысы, режиссура, би өнері сынды бағыттарды қамтыған аудандық байқауға қатысуға жиырмадан астам оқушы ниет білдірді.

дарынн
Байқауға Теректі балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқытушысы Айдана Насырова, М. Өтемісов атындағы БҚУ оқытушысы, магистр Нұргүл Кисметова, аудандық мәдениет үйінің хореографы Дана Темірғалиева және вокал жанры бойынша Кәмшат Қадырғалиева қазылық етті.
Теректілік талантты да талапты жастар байқауға барын салып, дайындалған. Дегенмен «әттеген-ай» деген тұстар да болды. Сахна мәдениеті сақталмауы аз-кем орын алып жатты. Өкініштісі, өнерлі жастар байқауын тамашалап, танысуға көрермен шақырылмаған.
«Жақсы жастан шығады» демей ме, көздерінен от шашып, жалындап тұрған өнерпаздар таңғалдырып жатты. Соның ішінде ерекше көзге түскен Федоровка орта мектебінің оқушысы Фариза Сағидолланың киім топтамасы тәнті еткені де рас. Джинсы шалбарды ол белдемше, кәжекей мен көйлектерге айналдырыпты. Құр құрастыра салмай, қошқар мүйіз, қарлығаш сынды ою-өрнектермен әсемдеп тігіпті. Тігісі де өте мұқият. Қазылар да риза болып, Фаризаға бірінші орынды берді.
Жалпы қазылар алқасы теректілік жастардың өнеріне жоғары баға беріп, барлығына дәрежелі дипломдар табысталды. Сондай-ақ шараның өтуіне ұйытқы болған мәдени демалыс орталығы ұжымына, білім беру бөлімінің маманы Нұрперзент Бөлебайға университеттің басқарма төрағасы- ректор Н. Серғалиевтің атынан ризашылық хат табыс етілді.

Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале