Жаңақала ауданы орталығындағы Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің мәжіліс залында күй анасы Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы мен Қаршыға Ахмедияровтың 75 жылдығына арналған «Алтын ұя» атты есеп беру концерті өтті.

Домбыра сыныбының оқытушылары Амангүл Сисенова мен Темірлан Сыралиевтің бірлесе ұйымдастырған күй кеші жоғары деңгейде болды. Оқушылардан құрылған ансамбль халық күйі «Секіртпені» орындап, кеш шымылдығын түріп берді. Ансамбль Динаның «Тойбастарын», халық күйі «Өрнекті» Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқымын» нақышына келтіре орындап, жиналған көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлады. Оқытушылар Амангүл Сисенова мен Темірлан Біржанұлы Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» атты күйін бабына келтіріп тартса, оқушыларымен бірге жасаған күй тартыстары да көптің көңілінен шықты. Шара соңында Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Орынай Қаршығақызы қос ұстазға алғыс білдіріп, оқушыларға сәттілік тіледі. Ал ата-аналар атынан сөз алған Назымсұлу Өтешова ұстаздарға ризашылығын білдіріп, батасын берді.
Ж.Жұмағұлов,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz