«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының «Жас кәсіпкер» жобасы негізінде бөкейордалық жастар арнайы курстан өтті. Жеке іс ашуға бел буған бір топ жасқа жөндеуден өткен ғимарат уақытша пайдалануға берілді.
Бастамашыл қыз-жігіттерге қолдау білдіре барған аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов:
«Еңбекпен есейген адам табысты бизнес құрып, тәуекел етуден жасқанбайды. Кез келген кедергілерді бұзып-жарып, жетістіктерді еңсереді. Қолға алған жобаларыңды батыл іске асырып, табысқа кенеле беріңдер», - деп ізгі тілегін жеткізді.
Кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова: «Бір ай көлемінде кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп шықтыңдар. Оқып-түйгендеріңді іс жүзінде орындап, ағысқа қарсы жүзетін уақыт келді. Кәсіби тұрғыдан ақыл беріп, бағыт-бағдар беруге дайынбыз», - деді.
Иә, ізденгенге жаңа кәсіптің түрі көп. Мәселен, Аяулым Сисенбайқызы көрпе-жастықтарды химиялық тазалаудан өткізіп, кәсібін өрге домалатуды көздеп отыр. Би студиясын ашуды арман еткен Айнұр Бекетова да мақсатына бір қадам жақындады. Үйірмеге қажеттінің бәрін тиянақтап, сақадай-сай. Мерекелік шараларға арнайы костюм тігуді қолға алған шебер Алтынгүл Сапанова нәтижелі жұмыс өрнегін көрсетеріне сенімді. Осындай мақсаты зор, алғыр жастардың қатарында Назымгүл Өтеғалиева, Ақжүніс Нұрланова, Рысқаным Насимуллина да бар.
«Жас кәсіпкер» жобасының тағы бір түлегі Алтынгүл Қабдолова «Aіsha-baby» атты балаларға арналған ойын сауық орталығын ашып, тың бастамасымен жұртшылықты қуантты. Кәсіп жолында бағын байқап көруге талпынған оның алғашқы қадамы да тым тәуір. Орталықтың жұмысы жанданып, алға басуы үшін бүге-шүгесіне шейін ойластырып қойыпты. Балақайлар сүйіп жейтін бәліш, донер, коктейль және тәтті сусындар секілді тағамдар түрі ас мәзірінен орын алса, аниматорлық бағдарламасы мен караоке тағы басқа қызметтері келушілерін қуантары сөзсіз.
«Кәсіпкерлік курсына жазылғаннан бастап қай бағытты таңдарымды білмей ұзақ ойландым. Әйтсе де жетекшіміз Бибігүл Мұқасқызының кеңесіне жүгініп, балаларға арналған арнайы орын ашуды құп көрдім» деп ағынан жарылған Алтынгүл Қабдолова «Атамекен» кәсіперлік палатасы ғимаратының бөлмесін жалға алып, қажетті құрал-жабдықтарды орналастырыпты. Айта кетелік, «Aіsha-baby» кафесінің иесі ашылу салтанатынан соң алғашқы меймандарын қабылдап, туған күнді көңілді өткеруге септігін тигізді. Сондай-ақ жағдайы төмен отбасы балаларына орталық есігі әрдайым ашық деп әлеуметтік жауапкершілікті сезінетінін де баса айтты.
Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер