Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Бәйтерек ауданы Егіндібұлақ ауылында жас мамандарға арналған қызметтік жатақхана пайдалануға берілді. Шекара маңындағы ауылдардың инфрақұрылымын дамытып, ол жерге ел қондыру және тұрғылықты халыққа қажетті жағдай жасау – қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі. Сол себепті ауылға келген маманды ұстап қалып, оларды уақытша баспанамен қамтамасыз ету үшін Егіндібұлақ әкімдігі ауылдағы бос ғимараттың мақсатты пайдалануын өзгертіп, одан жатақхана жасады.
Бұрынғы әкімдік ғимаратын жатақханаға ыңғайлап, оған ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінген. Ғимараттың шатыры, терезесі, есіктері ауыстырылып, линолеум, кафель төселіпті. Сондай-ақ жатын, ас дайындайтын және санитарлық бөлмелері жаңартылған.
Шалғайдағы ағайын үшін ерекше оқиғаның қуанышын елмен бірге бөлісуге аудан әкімі Марат Тоқжанов келді.
-Тәуелсіздік алған кезден осы күнге дейін елімізде азаматтардың барлық санатын лайықты жағдаймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Аудан басшылығы да халықтың өмір сапасын арттыруға ерекше мән береді. Әсіресе жас мамандардың алаңсыз жұмыс жасауы үшін жағдай жасауымыз керек болды. Осы кезге дейін маман тұрақсыздығы орын алып келген Егіндібұлақ ауылына келушілер саны арта түседі деген сенімдеміз. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады,- деді аудан басшысы жатақхана ашылуында.
Кейін Марат Лұқпанұлы ауылда еңбек етіп жүрген тоғыз жас маманға қызметтік бөлмелердің кілтін табыстады. Олардың ішінде үш жылдан бері ауыл мектебінде жұмыс жасап келе жатқан Алида Сүндетқалиева да бар.
Бірнеше жылдан бері ауылда пәтер жалдап келген жас маманның айтуынша, бұл бастама ауылға келетін жас мамандардың санын арттырып, ұстаздар мен ең қажетті деген медқызметкерлердің тұрақтауына сеп болмақ екен.
-Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында арнайы бөлме кілтін алып, үлкен қуанышқа бөленіп жатырмыз. Біз сияқты өз үйін ала қоймаған жас отбасылар үшін бұл – үлкен қолдау,- дейді мұғалім Алида Сүндетқалива.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген жатақхана ашылуында ауыл ақсақалы Борис Колманов сөз алып, игі істі бастаған ауыл, аудан әкімдігіне ризашылығын жеткізді.
Округ әкімі Ринат Ескендіровтің сөзінше, жатақханадағы бөлмелерге екі адамнан орналастырылыпты. Одан бөлек тағы екі бөлме бос тұр екен. Оның біреуіне учаскелік инспектор орналастырылады деп күтілсе, тағы біреуіне ауылға келетін басқа да мамандар кірмек.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz