Ел боламын деген мемлекеттер ең алдымен ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға шығарады. Ұлт болашағы, ұрпақ тәрбиесі әсте осал болмау керек. Әр ата-ана өз перзентіне отансүйгіштік, елді, жерді сүюдің мән-мазмұнын терең түсіндіріп отыруы шарт. Осыны санасына құйып өскен жас ертең өз Отанының нағыз патриоты болып шығатыны анық.
Қазіргі заман ағымы жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеуде қоғам алдында қатаң талаптар қойып отыр. Өскелең ұрпақты еліміздің білімді де отансүйгіш патриоттары етіп тәрбиелеу үшін ұстаздарға аянбай еңбек ету керек. Соның ішінде мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысының оқушыларға әскери патриоттық тәрбие берудегі міндеті мен жауапкершілігі орасан зор.
Мектепте оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру тек 10-11-сыныптардағы алғашқы әскери-дайындық сабағында ғана емес, сонымен қатар, білім ордасындағы барлық тәрбиелік іс-шара арқылы беріледі. Мектепте бұл бағыттағы жұмыстар әр оқу жылы басында жоспарланып, өткізіліп отырады.
Бірақ жас сарбаздардың әскери өмірге дайындығын пысықтап отыру артық ертпейді. Осы мақсатта жуырда жасөспірім ұлдар арасында әскери спорттық ойындар өткізілді.
Жарысқа дені қала мектептерінен 8 команда, 50-ге жуық спортшы қатысты.
Ондағы мақсат - жастар тәрбиесіне аса көңіл бөлу, елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулу.
Жарыстың ашылу салтанатына Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндыков, «КазТурбоРемонт» ЖШС менеджері Мирас Зияшев, ауданық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастағының уақытша м.а. майор Азамат Жансейітов, облыс бойынша әскери іс-қимылдар және оқшау соғыстарының ардагерлері Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлішер Ашурматов және аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Рима Бекмұхамбетовалар қатысып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
Жарыс бағдарламасына кермеге тартылу, арқан тарту, гір спорты, паралелльді қос бөренеде таянып, қолды бүгіп жазу және жеке қорғану құралдарын кию сынды сайыстар кірді.
Қорытындысында, жалпы 125 ұпаймен Ақсай қалалық №6 мектеп-лицейі жеңімпаз атанса, 124 ұпай жинаған Ақсай қалалық №3 ЖОББМ екінші орынды, ал 100 ұпай иеленген Жарсуат - Приурал командасы үшінші орынды алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің тиісті дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен, кубоктарымен және «КазТурбоРемонт» ЖШС атынан сыйлықтарымен марапатталды.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz