9.09.2021, 17:17
Оқылды: 72

Жас спортшылармен кездесті

Бүгін Қаратөбе ауданына Орал қаласынан бір топ спортшы келді. Олимпиада резервтерін даярлау орталығы директорының орынбасары Сағадат Нұғман, әр деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары,  халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Алина Ильясова мен Алихан Мұстафин, Қазақстан Республикасының спорт шебері Дархан Темірәлиев аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болып, спорт мектебінің ұжымымен, тәрбиеленуші жас жеткіншектермен кездесті.

12

Аталмыш шараны аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Кәрменов алғы сөзбен ашып, аудан спортының жетістіктерін әңгімеледі.

Облыс орталығынан келген спортшылар кездесу барысында өздерінің ауданға келген мақсаттары мен спорт жолындағы еңбектері туралы әңгімелеп, каратэ әдістерінен және садақ атудан көріністер көрсетті.

14

Түрлі деңгейдегі сайыстардың жеңімпаздары Алина Ильясова мен Алихан Мұстафин спорт мектебінде жаттығушы балаларға садақ ату, нысананы көздеу амалдарын түсіндірсе, спорт шебері, каратэден түрлі чемпионаттар мен халықаралық сайыстардың жүлдегері атанған жас спортшы Дархан Темірәлиев каратэнің әдіс-айлаларын көрсетіп, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырды.

11

– Біздің Қаратөбе ауданына келген мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау, - дейді спортшыларды бастап келген облыстық олимпиада резервтерін даярлау орталығы директорының орынбасары Сағадат Саматұлы.

Мектепте жаттығушы жас өрендер спортшы ағалары мен апаларына сауалдар қойып, жауаптар алып отырды.

 

                                                                      Ерболат Райсов,

                                                                      Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале