Қазақ халқының рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген еді. Алайда қазір – жаңалықтар желден жылдам ақпараттар дәуірі. Технология дамыған кезеңде жаңашылдыққа бейімделмесе, тағы болмайды. Десек те жаңа ғасырдың жетістігімен қоса рухани әлсіреткен тұстары да аз емес. Газет-журнал, кітапқа деген қызығушылық пен сұраныс күрт төмендеді. Жалпы бүгінгі буынның, әсіресе жастардың газет-журнал оқуға құлшынысы мен қызығушылығы бар ма?
Қазіргі таңда әлемдегі 7 млрд халықтың 50 пайызға жуығы ақпаратты әлеуметтік желілерден (соның ішінде 40 пайызын Facebook пен YouTube-тен) оқиды екен. Иә, бүгінгі күні дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік медианың арасында бәсекелестік соғыс жүріп жатыр. «Қағазға басылатын газет-журналдар жойыла ма?» деген сауал бойынша қызу пікірталас өршіп тұр. Және «Жастарымыз газеттен гөрі гаджетке үйір боп барады» дегенді аға буын өкілдерінен көп естіп жүрміз. Және бір сондай пікір иесі, Бәйтерек аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жанар Ғұбашеваның сөзін назарларыңызға ұсынамын.
«Қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі газет оқиды деп айту қиын. Өйткені қазір ғаламтордың, түрлі гаджеттердің дамыған заманы болып тұр. Кез келген адам қазір өзіне керегін интернет желісінен де қарай алады. Соның ішінде жастар әлеуметтік желінің тұрақты қолданушылары десем, қате айтпаған болар едім. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Жастардың ішінде газет оқитындары да бар. Алайда олардың саны жыл сайын кеміп келеді».
Ал керісінше, Егіндібұлақ ауылының әкімі Ринат Маратұлының айтуынша, биыл газеттердің құны қымбаттағанына қарамастан, ауылдық округ бойынша мерзімді баспасөзге жазылуда мектеп ұстаздарымен қатар жастар арасында да белсенділік жоғары екен. «Жалпы алғанда, баспасөзге жазылған ауыл халқының 55 пайызын жастар құрайды» деп қуана әрі бұл үрдістің әлі де жалғасын табатынын сеніммен айтып өтті.
Әрине, үлкендердің жастар үшін алаңдауы орынды. Бүгінгі жаһандану заманында газет-журналдың жастар арасында алар орны төмендеп кеткені де өтірік емес. Қолымыздағы электронды құрылғылар кітапхана мен мерзімді басылымдардан алыстатып, виртуалды әлемге қамаған сайын оқуға деген құмарлық жойылуда. Соның салдарынан жас буынның көбі өз ойын қорытып жазуға емес, ғаламтордағы даяр дүниені көшіріп алуға әуестеніп кеткені тағы бар. Күн сайын әлеуметтік желідегі електен өтпейтін ақпараттар легінен алақанымыздағы смартфон арқылы бар жаңалықты біліп отырмыз. Солай бола тұра, нені оқып, нені үйрену керек, қайсы ақпарат шындыққа жанасатынына талдау жасай алмай талайы сан соғып та жүр.
Заман беріп жатқан бар мүмкіндіктен бас тартудың қажеті жоқ, әрине, десе де «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған газет-журналды оқыған ата-бабаларымыз ешкімнен кем болған емес. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деп кешегі Міржақыптар текке армандамаса керек. Елдің ертеңі саналатын жастар гаджетпен емес газетпен жақын дос болса, ана тілінде таза сөйлейтін және сауатты жазатын аудитория көбейер еді. Аға буынның алаңы азайып, жастарға артар сенім нығаяды.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz