26.11.2024, 13:00
Оқылды: 5

«Жастар керуені» Жәнібекке барды

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ұлт болашағы, мемлекетіміздің ең белсенді бөлігі. Еліміздің ертеңі өскелең ұрпағымыздың болашаққа деген қадамын нықтау мақсатында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Алайда, жас буынның көбі бұл бағдарламалар турасында толық хабардар емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының ұйымдастыруымен «Жастар керуені» жобасы аясында аудандық мәдениет үйінде жастарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында кездесу өтті.
image-26-11-24-09-42-8
Шараны жоба жетекшісі, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының атқарушы директоры, тарих ғылымдарының магистрі Айболат Құрымбаев жүргізді. Жиын басында алғаш болып сөз алған облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев аталмыш орталықтың міндеттері мен күні бүгінге дейін атқарған жұмыстары жөнінде айтып, «Жастар керуені» жобасының мақсатын тағы бір айқындап өтті.
image-26-11-24-09-42-1
«Қазіргі таңда жастарға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Ел Президенті жыл сайынғы Жолдауында жастарға деген қолдауды ерекше нақтылап, еліміздің ертеңі деп үлкен сенім артып отыр. Елдің қозғаушы күші, экономикасының тұрақты болуы өздеріңіздей көздерінде оты бар жастардың қолында. Осы сөзіміздің дәлелі ретінде жастарды білімді, бәсекеге қабілетті болуға бағыттайтын «Болашақ» бағдарламасын айтуға болады. Мысалы, биылдың өзінде «Болашақ» бағдарламасы аясында дамыған шет мемлекеттерде білімін жетілдіру үшін жастарға бас-аяғы 555 грант бөлінді. Елде қалып, халық әлеуетін арттырам деген жас кәсіпкерлерге өте төмен пайызбен жеңілдетілген несиелер беріліп, «Жас Project» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Аталған бағдарлама бойынша 280 грант бөлінген болатын. Ал 2009 жылдан бастау алған жобалардың бірі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 43 мың отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге 142 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінсе, 95 мың жас маманға 17 млрд теңге көлемінде көтермеақы берілді. Осы көрсеткіштердің өзінен-ақ жастарға деген қолдаудың қаншалықты мықты екенін байқауға болады», - деді ол өз сөзінде.
image-26-11-24-09-42-6
Кездесуден соң облыс орталығынан келген Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері жиынға келушілерге өз өнерлерін паш етті.
«Жастар керуені» жобасына келген ауданымыздың бір топ жастары «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі Светлана Дүйсенбаева, «Алғашқы көмек көрсету дағдыларын оқыту» «Batys Oil» тренинг орталығының нұсқаушысы Светлана Тенишева, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші, дәстүрмейкер Арна Досполаеваның тренингіне қатысты.
image-26-11-24-09-42-2
Кездесуден алған әсерлерімен бөліскен бірқатар белсенді жас ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып жатты.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале