9.11.2021, 15:11
Оқылды: 212

Жастар кімге еліктейді?

Жастар кімге қарап бой түзеп жүр? Осы сұрақтың жауабын іздеп, әлеуметтік желі (instsgram) арқылы сауалнама жүргізген кезде  көбісі көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген сериалдар мен қазіргі жастар сүйіп тыңдайтын әндердің орындаушыларын айрықша атап өтіп, соларға қызығатындарын жасырып қалмады. «Теледидар қандай болса, қоғам сондай» дейтін қағида бар. Телебағдарламалардың бәрі дерлік сахна саңлақтарының өнері мен өмірін, тіпті, күнделікті тұрмыс-тіршілігін насихаттауға арналып келеді.

WhatsApp Image 2021-11-09 at 14.57.39

Тележурналистердің көрген-баққаны – өнер адамдарының киген киімі, ішкен асы... Алайда, қоғамдағы елеулі оқиғалар кезінде елді аузына қаратып, есті сөз айтуға сол «жұлдыздардың» өресі жетіп жүр ме? Бұқара халық дағдарып, әлдебір қауіп-күдік алдында тұрғанда кімге жүгініп, кімнен сүйеніш іздейді?..

Бұл тақырыпта біздің қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желілерде оқтын-оқтын ой-пікірлер айтылып тұрады. Әйтсе де, біз бүгін «Ендігі тұлғалар кімдер, жастар кімдерді идеал тұтып, кімдерге қарап бой түзеп жүр» деген сауалдарға замандастарымыздың, әсіресе жастардың  пікірін сұрап көрдік.

Айкөркем Иманғалиева:

Біреуге қарап еліктеу жаман нәрсе емес. Сол адамның жақсы жағын үйренгенге не жетсін. Мен бір адамды үлгі тұтып, сол адамның ісін, киімін  қайталаудан аулақпын. Тек  ол адамның жақсы жағын үйренуге тырысамын. Көптің ішінен жаныма жақын  бизнесмен Айдын Рахимбаев, кондитер Ренат Агзамов және де ұлттық киімдер дизайнері Айя Шалқардан үлгі аламын.

Өздеріңіз білесіздер,  Айдын Рахимбаев BI Group компаниясының басқарма төрағасы және ауыл балаларына айға қанат қағуына мүмкіндік берген “IQanat”олимпиадасының ірге қалаушысы. Осы олимпиадаға қатысып, IQHSB мектебінде оқығысы келетін қаншама оқушы бар,ол мүмкіндікті сыйлаған А.Рахимбаевты неге үлгі тұтпасқа?

Ренат Агзамов – Ресейлік танымал кондитер. Өзім сабақтан тыс уақытымды тиімді өткізу үшін, YouTube желісін ашып қойып, Р.Агзамовтың рецептері бойынша торттар пісіргенді  ұнатамын. 10 жасымнан бері  тәтті  пісіріп жүрмін. Болашақта оқуымнан бөлек Р.Агзамов сияқты өз елімнің танымал кондитері болғым келеді.

Айя Шалқарға келетін болсақ,ол  бәрімізге модель, дизайнер ретінде таныс. Айяның “AIEl” тақырыбы, тарихпен ұштастырып киім ойлап табатыны ұнады.

Лилия Ижанқызы:

-Біздің елде жастарға қай жағынан да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ел ертеңі – біздің, келер ұрпақтың қолында деп айтып та, жазып та жатыр. Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу  біздің борышымыз деп білемін. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дұрыс жолдан тайып, нашақорлық пен маскүнемдікке салынып жүрген жасөспірімдер бар. Неге денсаулығымызды, жанымызды таза ұстап, талғамымыздың биіктігін білдіріп, салауатты өмір сүрмеске? Бұған не кедергі, кім кінәлі?

Бәрі де әр адамның өзіне байланысты. Жастардың барлығына кінә тағуға болмайды. Өзім жастармен өткізіп жүрген шараларда байқағаным – бүгінгі жастарға рухани байлық, таза ой, терең білім, адамгершілік, адалдық, қайрат, қала берді денсаулық та жетіспейтін секілді. Сондай жастарға үлгі болар адам керек біздің қоғамға.

Ербол Мақсотұлы:

- Қазіргі жастардың жағдайы ел қуантарлықтай емес. Идеал көретін тұлғалары – кәріс жұлдыздары. Ұлдардың  шаш бояп,сырға тағуына таң қалмайтын болдық.  Өскін бала көгілдір экран мен тик-ток секілді әлеуметтік желілерге байланып, шетелдің тәрбиесін алуда.  Солардағы «жұлдыздарға»  қарап бой түзейді. Ал мен қазақтың ұлтшылдары мен жанашырларын, қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған аға-әпкелерімізді мақтан тұтамын. Сондай алып тұлғалардан үлгі алу үлкен мәртебе деп білемін және осыны артымдағы іні-қарындастарыма насихаттаймын.

Ажар Асылханқызы:

Өзім қатарлы жастар жаһандануды желеу еткен жандардың құрған “тұзағына” түсіп, Батыстың былығына батуда. Даңғырлаған музыкаға майдай еріп ентелегендердің бетін бері қаратқанымызбен, дініміз бен дәстүрімізге кереғар дүбәра дүниелер – фильмдер, сериалдар, бейнеклиптер, басқа да қаптаған сүреңсіз әдет-дағдылар жас өскіндерді өздеріне күш қолданбастан еріксіз бағындырып, өрендеріміздің өресін тарылтуда.

“Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген жақсы сөз бар. Қазіргі жастар  тіл үйреніп, пайдалы затқа әуес болса, осындай арзан дүниелер азаяр еді.Ұлттық болмысымызды ұстанып,  ән-жырымен сусындап өскен жас жақсылыққа құштар болып, жамандыққа жуымасы анық.

Кристина Яковлевна:

Көп жастар блогерлерге еліктейді. Блогер болғысы келеді. Биыл мен  1 курс студенттерін қабылдаған кезде байқағаным, көп жастар блогерлерге, сымбатты актерлар, мінсіз мүсінді жұлдыздарға көп қызығады. Әрине, уақытқа ілесу – заман ағымы. Оны түсінемін. Алайда, жастардың барлығы әлеуметтік желідегі жарқыраған жұлдыздарға еліктей берсе, тарихымызыдың беті ашылмай қалама деп қорқамын. Өзім сияқты замандастарыма рухани ізденіс пен жеке тұлға болып өмірден ерекше орын алып қалуды тілеймін.

3

PS: Ақпараттық технологияның шарықтап дамуы адамның көру арқылы есте сақтау қабілетін жетілдіріп отыр. Ендеше, жастардың кім көз алдында көбірек көлбеңдесе, соларға еліктейтіні түсінікті. Көгілдір экран арқылы қандай тұлғалар  жиі насихатталса, бүгінгі жастар соларға қарап бой түзейді. Интеллектуалдық өресі, өмірден түйгені мен сіңірген еңбегі айтарлықтай болмаса да, жастардың әншілерге еліктейтіні, блогерлерді жиі қарайтыны, желі жұлдыздарына қызығатыны жаппай белең алып барады. Бұған телебағдарламалар арқылы сахна «жұлдыздарының» өздерінің зәулім үйі, қымбат көлігі, бағалы киімдері мен сәндік бұйымдары туралы жиі әңгімелеуі, шет елдердерде қыдырып, қалай дем алғанын, қандай көңілді кештерде болып, қалай жасанып жүргенін – жалпы тұрмысы елден жақсырақ екенін жария қылып көрсетуге қымсынбайтыны да себеп.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, жастар көргеніне еліктейді. Ал ықпалы артып отырған көпшілік ақпарат құралдары бүгінде бұқара елдің мәдениетін, талғамын өсіріп, танымын кеңейту міндетін ұмыт қалдырған. Қазіргі телеарналардың, бір сөзбен айтсақ, жас буынды «тәтті күлшемен» қызықтырып, құрдымға жетелеп бара жатқаны жасырын емес.

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Иллюстрациялық фотолар ғаламтордан алынған.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале