9.08.2022, 22:46
Оқылды: 58

Жастар күні аталып өтілді

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Атаулы мереке 1999 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамасымен атап өтілуде.

IMG_20220809_224621

Бүгін Халықаралық жастар күніне орай Жаңақала ауданы орталығындағы «Достық» алаңында аудандық мәдени-демалыс орталығы қолдауымен, аудандық «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Ел ертеңі - жастар» атты концерт өтті.

Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді мүшесі. Бүгінгі жастар – егеменді елдің ертеңгі үміті, ата-бабамыз сан жылдар армандаған тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын ұрпақ жалғасы.
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күштi қанатты, ен жастарға сенемiн!» – деп Мағжан Жұмабаев атамыз жырлағандай жігерлі жастар - елдің ертеңі, мемлекетіміздің тірегі.
Ауданымыздың жастар саясатына зор үлесін қосып, ерікті қызметте жүрген жастарға аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева алғыс хат табыстаса, «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының» мамандарын ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдос Ғайнеден марапаттады.

Шара барысында аудандық мәдени-демалыс орталығы әншілері Айзада Сейітова, Анита Қанатова «Жастар гимні» әнін орындаса, бір топ өнерпаз Махамбет Нұрахметұлы, Сұлуай Сырымгерейқызы «Өзің болсаң жанымда», Боранбай Асанәлі, Ерасыл Қанатұлы «Саған сезім бөлек», Камила Жексенғалиева «Бұлбұл», Ербол Нұржанұлы «Зымыран» әндерімен көрермен көңіл күйін көтерді.

Лунара Қанатова жетекшілік ететін Үлгілі «Сымбат» би ансамблін Хорезм биімен және Жаңақазан ауылынан келген «Еркеназ» би тобы өзбек биін мың бұрала биледі.

Мерекелік концерт соңы Мерей Жұмашевтің орындауында «Қазақстан» әнімен аяқталып, би кешіне ұласты.

Арайлым Айденова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале