Жәнібек спорт клубында бокстан 2009-2010, 2011-2012, 2013-2014 жылдарғы және одан кіші жастағы жасөспірімдер арасында ашық біріншілік өтті.

Турнирге Орал қаласы, Казталов, Бөкей ордасы аудандары, Жәнібек, Нұрсай ауылдарының жас боксшылары қатысты. Әуелі, сәттілік тілеу үшін аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиевке сөз берілді.
Сайып келгенде, ең кіші келіде жүлделі ІІІ орынды Мансұр Жеңісов еншілесе, 26 келіде Мерейхан Хамит көш басынан көрініп, І орынды қанжығалады. Бекназ Хамидолла есімді қатысушы 28 келідегі өзге қатысушылардан ерек болып, ІІ орын иеленсе, Рахманжан Сапуан 30 келіде жүлделі І орынмен қолдаушыларын қуантып, аталмыш салмақта Ернұр Амангелді ІІ орынды місе тұтты.

32 келі бойынша Ақылжан Хамзин үздік үштіктің қатарынан көрініп, Айбар Жайсаңғали жеңіске жетсе, 34 келіде Әлихан Наушабай, 36 келіде Аңсар Асқаров пен Ернат Тайгенжин ІІІ орынға лайық болса, 38 келіде бақ сынаған жас қатысушылардан Әділет Наушабай ІІ орын иегері атанды.
Ең жоғары салмақ, яғни, 42 келіде Эльдар Оразбайұлы алға озып, "Үздік боксшы" номинациясымен марапатталса, "Жеңіске деген жігері үшін" аталымы Айбар Жайсаңғали берілді.
Жарыс барысы бас төреші Еламан Айтасовтың қадағалауында болды. Барлық жүлдегерлер аудандық спорт клубының атынан арнайы диплом, медальдармен марапатталды және демеуші Алтынбек Әлібекұлы ынталандыру мақсатында сыйлықтар табыстады.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz