11.04.2023, 16:00
Оқылды: 198

Жастар – жаңашылдықтың жаршысы емес пе...?!

Тау суындай гүрілдер,

Айбынды алаш елім дер.
Алтын Арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!
Әңгіменің әлқиссасын Мағжан Жұмабаевтың осы өлең жолдарымен бастауды жөн көрдік. Жастарға сенім мен жігер беру еліміздің ортақ мүддесі, бірлігі үшін дамуға бастайтын жол. Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаев БҚО, Ақсай қаласына жұмыс сапарында ең әуелі жастармен жүздесті. Олардың ой-пікірімен санасты. Болашақтың бағдары – жастар екенінің айқын дәлелі деп топшыладық.

жанибек (1)

Осы орайда Жәнібек ауданының жастары қандай жұмыстар атқарып жатыр? «Балалар жылы» аясында «Балапан жұлдыз – 2022», «Толағай», «Көңілді старт» сынды байқаулармен қатар «Жетістікке жету өз қолыңда» тақырыбындағы психологиялық тренинг, «Отан отбасынан басталады» атты түрлі кездесу кештерін аудан көлемінде дүркіретіп өткізген жастар ресурстық орталығы жастарды қайырымдылыққа үндейтін шаралардан да алыс емес. Мысалы, «Жүрегімде жақсылық» қайырымдылық концертін өткізіп, одан түскен қаражатты ұзынкөлдік ауыр дертке шалдыққан жанға табыстаған. «Әлемді естігім келеді» атауымен өткен игі шара да кішкентай Мансұр Талғатовқа қол ұшын созды. Жалпы кез келген дүниенің сәтті өтуіне мұрындық болатын жастар орталығының айтылған шаралармен дағдарып қалмасына сенім мол. Тек осыншама еңбегіне татымайтын орналасқан жері көңіліңе елең-алаң ұялатады. Бастапқыда қазіргі ардагерлер үйін жастардың өзі лекерге келтірген. Сайып келгенде «Аманат» партиясынан аядай ғана бір бөлме бұйырған. Қазіргі таңда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен иық тіресіп тұр. Жастар орталығына келген еріктілер әуелі аталмыш мекеме арқылы өтіп жүр. Одан әрісін айтқанда мамандар кабинетінің сапасы сын көтермейді. Коворкинг орталығы да заманға сай жабдықталмағаны жастардың жігерін құм етері сөзсіз. Олардың зардабы мамыражай күндері білінбегенімен, әлек салар кәрі құда қыс мезгілінде әсер етеді. Терезелерден гулеген желден неше түрлі ауруды жамап алуы бек мүмкін. Ал еліміздің болашағы ауру емес, дені сау жастар екенін есімізден шығармайық. Үйімізден қалың көрпе әкеліп өлместің күнін кешеміз деп сөзін бастаған жастар орталығының мамандарының алдағы уақытқа жоспарлары көп. Тек солардың сәтті жүзеге асуы үшін жастарға талпыныс керек. Ол қолдау жаңа һәм замануи түрде жабдықталған орынмен басталса екен дейді. Осыдан-ақ, мәселенің жай-жапсарын анықтаудың керегі шамалы. Дегенмен, бәрін өз ауызынан есту үшін «қараңғыдағы» орталықтың басшысы Мөлдір Әбдірешеваға жолықтық. Ол:

жанибек (2)
- Менің түк қосарым жоқ. Бәрін көздеріңіз көріп отыр. Бізге дейін қирап тұрған есіктер мен сықырлаған еденнің өзі жағдайымыз туралы айтып берер. Жастар өзге аудандарға қарап қызығады. Аудан дамуына тер төгеміз деп түрлі мәдени шараларға дайындалатын жер таба алмай қаламыз. Сол үшін жалындаған оқушылар мен студенттердің дайындық жұмыстарын далаға өткізуге мәжбүрміз, - дейді.

Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың кеңесші маманы Қабілет Асановтың да пікірін білдік:
- Орталығымызда маман жетіспейді. Ешкімге алақан жаймай іштің жұмысын өзімнің де жасауыма болады. Бірақ қоғамдық шараларды да ұйымдастыратын адам керек қой. Мен сол бағыт бойынша жұмыстанғанды қалаймын. Өткен шараларды әлеуметтік желі, түрлі қоғамдық газет-журналдарға жариялағымыз да келеді. Арнайы мамандар болмаған соң қай жаққа үлгереріңді білмейсің,- дейді ол.
Суреттегі дәлелдерді алға тартып, аудан жастарымен де тілдесіп көрдік. Соңғы уақытта жиналыстардың «көрнекілігі» болып жүрген жастардың да айтары осы. Интернет-Маркетолог, әлеуметтік медиа маркетинг маманы Айсұлу Жармұхамбетова былайша тарқатады:

жанибек (3)
- Жастар ресурстық орталығы – жастардың әлеуметтік әрі тұлғалық дамуына жәрдемдесетін және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін ұйым. Бірақ барлық бағыт бойынша жасалынатын жұмыстардың сапалы болуы орталықтың толығымен қамтамасыз етілуіне де байланысты. Ал біздің аудандағы жастар ресурстық орталығында осындай мүмкіндіктер қарастырылған деп айта алмаймын. Жәнібек ауданының жастары атынан жалпы орталықтың орналасқан ғимаратына, оның жабдықталуына көңіліміз толмайтынын айтқымыз келеді. Жеке өз атымнан сөйлер болсам, жастармен жұмыста цифрлық сауаттылықты арттыру басты бағыттардың бірі болып есептеледі. Соған сай мен Интернет-Маркетолог, SMM (әлеуметтік медиа маркетинг) маманы ретінде аудан жастарының жаңа салаға келгенін, оны үйренгенін, жаңа қабілеттерді меңгеру арқылы жұмысқа орналасқандарын қалаймын. Алайда, өкінішке орай, ауданның жастар ресурстық орталығы орналасқан ғимарат, ондағы коворкингте семинар, тренингтер өткізуге арнайы тақталар, арнайы ақпараттық құралдар жоқ. Ең болмағанда кітап оқуға арналған бұрыш та жоқ… Біз, жастар, еліміздің ертеңі ретінде аудандағы осы мәселенің оң шешілгенін қалаймыз!
Римнің аты мәшһүр шешені Цицерон Марктің «Жастар армандайды, үлкендер еске алады», - деген қанатты сөзі бар. Біз өзге аудандарға қарап жәутеңдемейтін орталықтың болғанын, заман талабына сай жабдықталғанын армандаймыз. Бәлкім, армандар орындалады...

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

жанибек (4) жанибек (5) жанибек (6)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале