13.06.2022, 17:00
Оқылды: 22

Жастарды жарқын істерге жұмылдырған «Жасыл ел»

Елбасы бастамасымен 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» республикалық бағдарламасы жыл сайынғы өз жұмысын жалғастыруда. Бағдарлама Бөрлі ауданында да жүйелі түрде іске асып келеді. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары өздерінің тұрғылықты жерлерінде көркейту-көгалдандыру жұмыстарын бастады.

2

«Жасыл ел» жастар жасағының сарбазы болу – қазіргі таңда үлкен бедел. Олай дейтініміз студенттер бос уақыттарында еліне қызмет етіп, туған жерін гүлдендіруге, көгалдандыруға атсалысса, екіншіден, жазғы демалыстарын тиімді өткізеді.

«Наурыз» саябағында "Жасыл ел" еңбек жасақтары жазғы еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев, мәслихат хатшысы Қайрат Ермекбаев және Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндықов қатысты.

«Жасыл ел» - жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналды. Бағдарламаның басты мақсаты -  қоршаған ортаның тазалығын сақтап, жасыл желекке айналдыру. Сол арқылы Отанды сүюге, табиғатты аялауға үйрету. Осы жолда еңбексүйгіш жастарға сәттілік тілеймін»,-деді қала әкімі.

Биыл «Жасыл ел» жастар жасағында қала бойынша 80 сарбаз жұмыс жасайды. Барлығына арнайы киімдер берілген.

"Жасылелдіктер" елдің тек қана көгалдануы мен тазалығын сақтауға ғана емес, оған қоса біздің ортақ шаңырағымыз - Қазақстанның өркендеуіне жауапты жаңа буынды тәрбиелеп, жастарды жұмыспен қамтуға, студенттердің патриоттық рухын көтеруге үлкен үлес қосуда.  «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өс­ке­лең ұрпаққа ұғындырып, олардың жазғы де­малыстарын босқа өткіз­бей, жұ­мыс істеп, қосымша қаржы табуына мо­лынан мүмкіндік туғызуда.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале