18.08.2022, 12:15
Оқылды: 282

Жастардың басын біріктірген «Жасыл ел»

Елімізде жастар саясаты басым бағытқа ие. Бұл орайда көптеген игі бастамалар өз жемісін беріп те жатыр. Солардың бірі 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы. Жалынды жастардың көмегімен құрылған ірі бағдарлама осы күнге дейін жақсы нәтижесімен көрінуде. Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы – жастардың бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге баулу.

21

Бірінші шілдеден бастап Ақжайық ауданында «Жасыл ел» жастар жасағы дәстүрлі көгалдандыру жұмыстарына кіріскен болатын. Аталған еңбек жасағының сарбазы болу – қазіргі таңда үлкен беделге ие. Олай дейтініміз, студенттер бос уақыттарында еліне қызмет етіп, туған жерін гүлдендіруге, көгалдандыруға атсалысады. Сонымен қатар жазғы демалыстарын тиімді өткізіп, бір-бірімен араласып, лаулаған тәтті жастық шағы есте қалар сәтке айналары анық.

Биыл жастарды жұмыспен қамту, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, ауданды абаттандыру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамына 100 қыз-жігітті жұмыспен қамту жоспарланып, іске асқан. Оның құрамы тек жоғары оқу орнының студенттерімен шектелмеді, оған жасы кәмелетке толған мектеп оқушылары, колледж студенттері де тартылды. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларынан 16 жасқа толған он екі оқушы жұмыспен қамтылып, нәпақаларын тапты. Мәселен, Ақсуат ауылдық округінен 4, Базаршолан ауылдық округінен 1, Бударин ауылдық округінен 1, Мерген ауылдық округінен 2 және Чапаев ауылынан 4 оқушы ауылдарын көгалдандыруға өз үлестерін қосып, адал еңбек етіп, алдағы үлкен өмірге деген дайындықтың бір қадамын басты деуге болады.

22

Сарбаздардың көбіне атқарған жұмыстары Орал-Атырау тасжолы бойының тазалығы, биылғы жауын-шашынның көп болуынан ауыл ішіндегі шөптің қалың болғаны аян, соған орай арам шөптен тазарту жұмысы қарқынды болған. Жайық өзенінің жағалауы, арық бойларын қоқыстан арылту, саябақтарды жинастыру, ауыл ішіндегі жаңадан отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау дейсіз бе – осының бәріне жасылелдіктер атсалысып, әркез ел көркеюіне арналған жұмыстар қастарынан табылуда. Сонымен қатар ауылдық округтердің орманшылардың жұмыстарына көмектесіп, орман алабын қураған ағаштардан тазартты. Әрине, жастардың жүрген еңбегіне лайықты жалақы да төленеді. Сарбаздар биыл 85854 теңге жалақы алады. Оның ішінде  ауылдық округтер бюджетінен 60000 мың теңге төленсе, «Жасыл ел»  бағдарламасы облыстық штабынан 35394 теңге қарастырылған.

Сонымен қатар жасылелдіктер ауылдың тазалығымен ғана шектеліп қоймай, волонтерлік іс-шараға да белсене қатысып, ауылдастарына ерікті түрде көмек-қолдау көрсетті. Атап айтсақ, Көнеккеткен, Ақсуат, Есенсай, Құрайлысай және Жамбыл ауылдық округінің сарбаздары жалғызілікті тыл ардагерлерінің үйіне барып, мекен-жайлық көмек көрсетіп, үлкендердің алғысын алып, ризашылығына  бөленді. Аудан орталығының қыз-жігіттері "Жастарға кеңес" жобасы, "Кауіпсіз балалық шақ" акциясына аясында халық көп шоғырланған аумақтарда түсінік жұмыстарын жүргізіп, үнпарақтар  таратып қоғамдық жұмыстардың ортасынан табылды.

Бүгінгі күні аудан бойынша "Жасыл ел" еңбек жасағының бірінші кезеңінің 85 сарбазы өз жұмыстарын тиянақты атқарып, бір айлық жұмыстарын жақсы аяқтады. Қазіргі уақытта тамыз айынын бастап аудан орталығында 15 сарбаз өз жұмысын бастап кетті.

23

- «Жасыл ел» - біз сияқты жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды еңбексүйгіштікке тәрбиелейтін еліміздегі бірегей бағдарлама. Биыл бұл бағдарламамен жұмыстанып жатқаныма бірінші жыл. Жастардың осылай қоғам өміріне белсене араласқаны дұрыс деп есептеймін. Қазіргі кезде көгалдандыру, гүл егу бағыттарында еңбектенудеміз. Жалпы жұмысымыз өзімізге ұнайды. Осында жүріп бір-бірімізбен танысып, ауданға пайдамыз тисе деген ниеттеміз. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп дана қазақ айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септіктерін тигізіп, игілікті істердің үлгісі болып келеді. Бірге қызмет етіп жүрген жастардың көбісі өзімнің қатарластарым. Еңбек етіп, қаржы тауып қана қоймай туған елді көгалдандыруға қолымыздан келгенше үлес қосып жатырмыз, - дейді "Жасыл ел" еңбек жасағының сарбазы Римма Рамазан.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале